Читать книгу «Kazakstan: ұлттық идея және дәстүрлер» онлайн полностью📖 — Канат Нуров — MyBook.
image

…Жоңғар қонтайшылары ең болмағанда өздерінің қазақтарға жасаған жорықтарын «олардың бұрынғы бүліктері мен жорықтарына қарымта» деп түсіндірген. Мысалы, 1698–1699 жылдардағы соғыс қазақ ханы Тәукенің ұсқынсыз қылықтарынан туындаған. Ол алдымен көктен шүйілгендей жоңғарлардың бірнеше керуенін тонаған, сосын бес жүз адамнан тұратын елшілігін қырып тастаған, содан жоңғарлар кезекті соғыс ашуға, былайынша айтқанда, мәжбүр болған. Қазақ хандары қақтығыстардың себептері жөнінде жұмған аузын ашпаған… Тек кейін ғана кейбір тарихшылар монголдар Шыңғысхан империясын қайта құруға талпынған-мыс деген. Егер енді мектеп оқулықтарында қазақтар жабайы монгол ордаларының соққысын өзіне қабылдап, Еуропаны құтқарды деген тұжырым болса, мен оған таңданбаймын…. Кім кімді қырғысы келді, кім кімді басып алғысы келді, бұл өте даулы мәселе. Және де егер бұл істің ақыры жоңғарлардың толығымен жойылуымен біткенін еске алсақ… Ал «ақтабан шұбырындының» үйреншікті ұғымнан бас тарта алмайтын қазақ тарихының жандайшаптарына 1712 жылы қазақтардың Жоңғарияға олар үшжылдық жұт пен шөлден азап шегіп жатқанда, басып кіруін есіне салайық. Айтпақшы, «ақтабан шұбырынды» жөнінде ешбір нақты деректер жоқ. Бұл оқиға туралы әңгімелеген авторлардың бәрі тек халық аңыздарына сүйенеді, олардың көркем шығармаға жақын екенін ұмытып… Әрине, «ақтабан шұбырындының» болғаны анық. Бірақ бұл оқиғаға дейін қазақ халқының жарты саны қырылды деген дерек ешқандай құжаттармен дәлелденбеген, сондықтан табанды түрде қарастыруға жатпайды. Біз бір кезде Қазақстан территориясында жезтырнақтар, айдаһарлар және мыстан кемпірлер болды деп айтпаймыз ғой, бұл да сол сияқты. Аңыз бойынша, жас сұлтан Абылай батырлық жекпе-жекте қонтайшы Галдан Цереннің ұлы Чарчаны өлтірген делінеді, ал құжаттар бойынша, Жоңғар билеушісінде ондай есімді бала болмаған. Сонымен бірге, жоңғарлар мен қазақтардың қарым-қатынасы тек соғыс әрекеттерімен шектелмеген. Өткен шақ баяндаушыларын әркездегідей көбінесе саяси оқиғалар толғандырса да, экономикалық байланыстар жөнінде де байланыстар сақталған. Сауда нәтижесінде қазақтар өздеріне нан, жаркент маталарын және түйелер алған, ал өздері түлкі мен қарсақтың терісін сатқан. Осы екі көшпелі этностың өзара мәдени ықпалы зор болатын және тіпті қазіргі қазақ тілінің өзінде монгол сөздері лықа толы, сол сияқты ойрат тілі де жартылай тюркизмдерге толы. Осы екі ағайынды халықтардың дағдысы мен дәстүрі де ұқсас. Оны айтасыз, тіпті атышулы Жеті Жарғының өзі жоңғар заңдар кодексі «Их Цааз»-дың бір нұсқасы сияқты. Қазақ-жоңғар өзара қатынасын дәстүрлі қарастыруға үйренгендердің барлығы жоңғарлардың қазақ этногенезінде де біраз үлесі бар екенін ұғынулары керек. Мысалы, қалмақ сұлулары қазақтар арасында өте жоғары бағаланған. Байлар оларды сатып алса, кедейлер жорықтардан әкелген, өйткені тек жоңғар қыздарынан мықты балдар туады деп есептеген. Ол аздай, тек монгол этностарының өкілдері, дәстүр бойынша, қазақ сұлтаны мен хандарының төлеңгіттер гвардиясын құраған. XVIII ғ. трагикалық оқиғалары нәтижесінде де батыс монголдардың көп бөлігі қазақ халқының құрамына кірген. Сондықтан жоңғарлар мен Жоңғарияның тарихы өте зор мөлшерде қазақ және Қазақстанның тарихы. Жоңғарларға теріс қарау дәстүрі Қазақстанның Ресейге қосылу уақытынан бастап нәр алады. Өте ұғынықты себептерге байланысты алдымен метрополия тарихшылары тырысып бақты. Олардың тарихи оқиғаларды бағалауы толығынан мемлекет идеологиясына тәуелді еді, ал «зюнгорецтерге» қарағанда «киргиз-кайсактар» империяның берілген бұратаналары еді. Кейін бұл баға мұрагерлікпен «Ресейдің сенімді қорғауында» секілді атаулары бар кеңестік монографияларда дамытылды. Әйтсе де, қазақтар жоңғар қаупіне байланысты Ресей империясының протекторатына кіруге мәжбүр болды деген ой осы кезге дейін кең тараған болса да, іс жүзінде еш сын көтермейді. Сібірде өзі шала орнаған патша билігі қанша қаласа да, қазақ хандарына салмақты көмектесе алмас еді. Ресей бодандығын қабылдағаннан кейінгі жоңғарлар және қытайлармен соғыстарда ешбір орыс солдаты қазақ жағында ұрысқа шыққан жоқ. Және қазақ хандары оған аса риза еместігін білдірген емес. Өйткені Ресейге қосылу мал өсіруші қазақтардың Ресей сауда рыногіне еркін шығу мұқтажынан туындаған еді. Өзге қазақ билеушілердікіндей Абулхаир хан саясаты бар болғаны экономиканың қордаланған көрінісі еді. Бұған көз жеткізу үшін Орынборға өте зор түрде мал апарудың сақталған деректерін қарасаңыз жеткілікті. Қазақстан тарихындағы жоңғар басқыншылығы жөніндегі миф Руське половцылардың басқыншылығы жөніндегі мифпен ұқсас. Қанша ғалымдар бұл концепцияны шынайы сынға алды, бірақ ол мызғымас күйінде әлі тұр. Ресми Ресей ғылымы венгрлер мен поляктар кіргенде, половец хандарының Киевті қорғағаны жөнінде, селжүк пен монголдар половецтерге шабуыл жасағанда орыс княздарының оларға көмекке келгені жөнінде жақсы біледі. Сонымен бірге, ол қыпшақ пен орыс арасындағы қақтығыстардың Киев, Чернигов немесе Рязань княздары арасындағы өткен өзара қақтығыстардан гөрі өте аз болғанын да біледі, әйтсе де, соған қарамастан тарихи ақталмаған шешімдерден бас тарта алмайды».

Автордың қазақ мемлекетінің құрылуына көзқарастары да Р. Темирғалиевтың «Қазақ хандығының құрылуы жөніндегі мәселеге байланысты» мақаласындағы тезистеріне жақын, егер оның үзілді-кесілді стилін және кейбір ауытқуларын есептемегенде (www.zonakz.net/articles/19246):

«Іс жүзінде барлық еңбектер, оның ішінде таза ғылыми де бар, ғылыми көпшілікке арналғаны да бар, бізге мынаны айтады: XV ғ. бірінші жартысында Дешті Қыпшақтың шығыс жағында «көшпелі өзбектердің мемлекеті» деп аталатын мемлекет болған. Оның негізін 1428 жылы шейбанид хан Абулхаир қалаған (Шибан Жошының ұлы, Шыңғысхан немересі). Жеңісі мол бірнеше соғыстардан кейін қазіргі Қазақстан территориясының көп бөлігіне ие болды. Алайда, 1457 жыл шамасында ойраттармен соғыста бұл хан ойсырай жеңілді. Бұл жағдайды Абулхаир қол астындағы Керей мен Жәнібек сұлтандар пайдаланып, өзіне берілген бір топпен көрші Моголистанға көшіп кеткен. Қашқындарды кейін тұрақты түрде «өзбек-қазақтар» деп атаған. «Казак» атауымен ол кезде Алтын Орда қирандысында пайда болған ұлыстарға кірмейтін далалық еркін топты атаған. Ал Керей мен Жәнібектің көшіп кетуі, тарихшылардың пікірінше, қазақ этносының тарихында да, қазақ мемлекетінің тарихында да зор мағынаға ие.

Бұған сену қиын шығар, бірақ Жәнібек пен Керейдің көшіп кетуінің ғылыми кітаптардың және жәй мектеп оқулықтарының ондаған беттерінде көркем баяндалған суреттеулер жалғыз-ақ қайнаркөзден алынған, дәлірек айтқанда, XVI ғ. Мұхаммед Хайдар Дуглатидың «Тарих-и Рашиди» шығармасынан. Егер Мұхаммад Хайдар Дуглатиді тура баяндаған кейінгі жылнамаларды есептемегенде, бұл оқиға туралы айтатын өзге қайнаркөздер жоқ. Әрине, тек қана қазақ емес, әлем тарихында да көптеген оқиғалар бізге көбінесе бір қайнаркөзден жеткен. Бірақ ең қызығы, қазіргі тарихшылардың қолында XV ғ. Қазақстан территориясында болған оқиғаларды суреттейтін бірнеше жылнамалар бар. Олардың ішіндегі біріншісі, сөзсіз, Масуд бен Османи Кухистани жазған «Тарих-и Абу-л-Хайр-хани». Бұл шығармада автор XV ғ. 20–60-шы жылдарындағы Өзбек ұлысында болған барлық атауға тұрарлық маңызды оқиғаларды егжей-тегжей баяндайды, Абулхаирдың билігіне бағынған барлық тайпаларды тізбектейді, барлық сарай қызметшілерін және қолбасшыларды атап өтеді, бірақ Керей мен Жәнібекке еш тоқталмайды. Шейбанид тарихшыларының өзге жұмыстарымен танысқанда да, сол картинаны көреміз. Шибан династиясының хандары қазақ төрелерінің ант ішкен жаулары еді және, әрине, олардың тарихшылары мемлекеттік идеологияның талабына сай тарихи нұсқаларды келтіруге тырысты. Егер мысал сұрасаңыз, Кухистанидың Абулхаирдың саяси қарсыластарының суреттеуіндегі мынандай бір үлгіні келтіруге болады: «Жошы ұрпағы падишахтарынан болған Махмудхан мен Ахмадхан бағыну және мойынсыну аяғымен жүрмеді және де бүлік пен керіс туын көтеріп, бағынбаушылық және тыңдамаушылық қонысында тұрды». Міне, сондықтан неге әлгі Кухистани Жәнібек пен Керейді Алла қолдаған билікке қарсы шыққан бүлікші және бұзық деп суреттемегеніне қайран қаласың. Ұғынуға одан да қиыны, неге әзірге тарихқа белгілі жалғыз қазақтың жылнамашысы Қадырғали Жалаири Қазақ хандығының дамуындағы негізқалаушы хандардың рөлін атамайды. Бұл сауалдардың бәріне жалғыз ғана жауап бар. Ешқандай «көшіп кету» іс жүзінде болмаған (яғни қазақ хандары өздері келтірген қайнаркөздері бойынша Өзбек ұлысында тұрмаған, олар одан көп батыс жағында, Ұлы Жүздің сыртында, Кавказ және Қара теңізге жақын жақта қазақылық еткен – (Авт. еск.). Мұхаммад Хайдар Дуглати, иә, барлық кезде молынан кездесетін бір тарихи бопсалауға алданып қалды, немесе саналы түрде себебі белгісіз бір өтірікке барып отыр. Және де бұл автордың барлық деректерді өзгелердің аузынан алып отырғанын есте сақтауымыз керек. Қалай болғанда да, біз енді шындықты біле алмаймыз, бірақ Мұхаммад Хайдар Дуглати ұсынған Қазақ хандығы құрылуы жөніндегі нұсқасынан тарих ғылымы зерттеу қағидаларына сай емес нәрсе ретінде бас тарту керек. «Ал біз сонда аңыз, дастан, ертегі сияқты фольклорлық деректермен не істемекпіз, оларда ең басты орынды Әз Жәнібек хан алмай ма?» – деп сұрауы мүмкін білікті оқырман. Және шынымен де қазақтың ауызекі шығармашылығында мұндай есімді хан жөнінде көптеген материалдар бар. Бәлкім, осыдан болар, кейбір қазіргі қазақ тарихшылары тіпті, құжаттардың куәландыруына қарама-қайшы, Керей – Жәнібек хан тандемінде бас тұлға деп соңғысын санайды. Ал егер тарихи материалды оймен бағаласақ, данышпан билеуші жөніндегі барлық аңыздардың Алтын Орда ханы Жәнібекке арналғанын байқаймыз (билік еткен жылдары 1341–1357 жж.). Ол шынымен де халықтың сүйкімдісі болған және тіпті орыс жылнамаларының өзіне «жақсы патша» атауымен кірген. Егер Қазақ хандығының негізін қалаған Керей мен Жәнібек деген еш негізі жоқ мифтен бас тартсақ, онда мүлде өзге тарихи картинаға көз жеткіземіз. Міне, осыған байланысты қазақтың бірінші ханы деп хан Урусты мойындау қажет(билік еткен жылдары – 1368–1377 жж.), ол өзінің «Йуз Ордасының» астанасы ретінде Сығнақты жариялаған. Айтпақшы, Қадырғали Жалаири тек осы туралы айтады. Барлық қазақ төрелерінің өз шежіресін хан Урустан бастайтыны тегін емес. Және барлық көрші халықтар да бірінші қазақ ханы деп тек Урусты санаған. Мысалы, Сібірді бағындыру уақытындағы бараба татарлары орыс билігіне біз «Урус патша ұрпағына бағыныштымыз» деп дерек берген.

Мұндай тұжырымға қарсы адамдар Урус уақытының орда тұрғындары әлі өзін қазақ атамаған деп уәж келтіруі мүмкін, бірақ іс жүзінде Керей мен Жәнібек кезіндегі далалықтар да бұл ұғымды өз атауы ретінде пайдаланбаған. Бұл саяси ұғым этнонимға өте кейінірек кезде айналды. Ал осылай аталатын «қазақтар» әлі көп уақытқа дейін өзін Орта Азияның ноғайларымен де, қыпшақтарымен де бір халықпыз деп санаған. Мысалы, XVII ғ. қазақ ханзадасы Ораз Мұхаммедті Мәскеу мемлекетінің «татар» ақсүйектері өзінікі санағаны сонша, тіпті Лжедмитрий II өлтіруге дейін барды. XVIII ғ. өзінде Кіші Жүзде Солтүстік Кавказға көшіп кетіп, ноғайлармен бірігу идеясы кең тараған. Тіпті XIX ғ. дейін Орта Азияның билеуші этносы өзбектер қазақтарды өзіміз деп санап, олардың сұлтаны мен хандарының өзін өздеріне «тартып алып» отырған, ал Өзбекстан мен Тәжікстанның байырғы тұрғындары сарттармен тіпті үйленбеген. Ол кезде Қазақстан территориясында ешқандай тәуелсіз қазақ этносы болған емес. Көшпелі татарлар, өзбектер, ноғайлар, қазақтар одан гөрі тілі (қыпшақ)және мәдениеті бір біртұтас тек саяси шекара арқылы ғана бөлінген этностың субэтникалық топтары еді. Сондықтан «Кобланды», «Едыге», немесе «Алпамыс» сияқты сол кезеңнің эпикалық шығармалары қазіргі халықтардың көбіне ортақ болады. Қазақ этносының және хандығының құрылуы мүлде өзге құбылыстар, олар өзара байланыста болды, бірақ түрлі жылдамдықпен құрылған еді. Және көптеген ғалымдар, олардың ішінде Лев Гумилев та бар, қазақ этносы мен қазақ мемлекеті іс жүзінде бір уақытта, XIV–XV ғғ. пайда болды деп мүлде бекер айтқан. Негізі, кейін Қазақ хандығы деп аталатын хандық бұдан бұрын болған және оны құрған Орда Ежен, Жошының ұлы, Шыңғысхан немересі, бірақ ол Алтын Ордаға бағынатын және тек Урус қана Бату ұрпағына шартты тәуелділіктен оны босатты. Сөйтіп, хан Урус «монгол-татар езгісінен кейінгі бірінші тәуелсіз билік иесі Мәскеу князі Иван III ұқсас. Әрине, Урус хандығы, барлық көшпелі мемлекеттер сияқты, онша орнықты емес болатын және кейде ыдырап кететін, бірақ осы ахуалда ол XVIII ғ. дейін тірлік ете білді. Тірі кезінде әлемдік деңгейдегі жаңа жаулаушыға мызғымай қарсы тұра алған хан Урус өлгесін, хандыққа бірінші соққыны Ақсақ Темір жасады. Бірақ, бәрімізге мәлім, Тимур Шыңғыс ұрпағына зор құрметпен қараған, сондықтан Сығнақтың тағына ол 1395 жылы Урус ұлы Құйыршықты қойды. Алайда, жаңа билеуші билік басында көп тұра алмады және көп ұзамай кезекті өзара қырқыста қаза тапты. Бірнеше жылдан кейін 1419 жылдың бүлігі кезінде Құйыршықтың ұлы Барак хан болды. Жаңа билеуші қуатты және тәуекелшіл болатын. Ол Тимур ұрпағынан Сығнақты қайтадан тартып алды және тіпті аз уақытқа Сарайға да иелік етті. Барак өте айқын түрде өзін тәуелсіз мемлекеттің ханы және хан Урустың дәстүрін жалғастырушы ретінде санады, сондықтан ол Ұлықбекке былай деген: «Сығнақтың жайлауы заң және адат бойынша маған тиісті, өйткені менің атам Урус хан Сығнақта тұрған және сонда құрылыс салған». 1428 жылы Барақ қаза тапты және де белгілі қайнаркөздер оның өлімі себебінің бірнеше нұсқасын ұсынады. Біреулердің пікірінше, ол алтынордашылармен соғыста өлтірілген, екіншілердің айтуынша, оның өліміне кінәлі моголдар, үшіншілер оны ноғайлар өлтірген дейді және, ақыры, төртіншілер ол өзінің әмірлерінің астыртын қастаңдығынан өлген дейді. Сол жылы (өзге деректер бойынша 1429 жылы) Түменде аса түсініксіз, күмәнді жағдайларда Дешті Қыпшақ ханы боп Абулхаир сайланады. Он жеті жасар сұлтанның қалай таққа қол жеткізгені жөнінде шибан жылнамалары жұмған аузын ашпайды. Ең қызығы, Абулхаирдың жеті арғы атасында да хан титулы болмаған. Әйтсе де, осы жұмыста аталған Кухистанидің және мысалы, Камал ад-Дин Али Бинаи еңбектерімен танысқанда кейбір шешімдерге келуге болады. Біріншіден, осы авторлардың шығармаларында «қазақылықта» жүрген Абулхаирға көмектескен кейбір кейіпкерлердің аттары аталады. Барлық осындай нәрсеге қарағанда жас сұлтанды далалық аристократия зор қолдаған және егер хан Барақ өз адамдарының қолынан өлді деген дерек болса, оның да негізі бар. Екіншіден, ноғай бектері де Абулхаирдың сенімді жақтаушылары болған, олар оның таққа отыруына көп күш жұмсаған. Сонымен бірге, ноғайлар хан Барактың қас жауы еді, өйткені ол ноғайдың атақты бегі Мансұрдың өліміне кінәлі болған. Мансұрдың жиені Ваккас Абулхаирдың ең жақын жолдасы болған. Сондықтан қайнаркөздер хан Барақ өлімінің тарихында «ноғай ізі» де бар деп дұрыс айтып отыр. Бұл екі нұсқа да бір-біріне қайшы емес және хан Барақтың өлуі мен Абулхаирдың сайлануының бір уақытта болғаны кездейсоқ емес деген ойға жетелейді. Бәлкім, Абулхаир заңды билеушінің өлтірілуіне тікелей араласпаған да шығар, бірақ соны оның одақтастары жасауы әбден мүмкін. Дәл осыдан Абулхаирға өз билігінің ең басынан төрелердің өзге тармақтарымен күресуге тура келді, өйткені олар, қайдан шыққаны белгісіз, затсыз келімсекті ешқашанда нағыз хан деп мойындамас еді. Егер хан Урустың ұрпақтарына тоқталсақ, олар, әрине, узурпаторды тіпті де мойындамаған. Міне, сондықтан шибан тарихшылары ешқашанда оларды хан Абулхаирға бағыныштылардың арасында атамаған. Керей мен Жәнібек көп жетістіктерінен айырылса да, бірнеше қалған тайпаларын басқарып, тәуелсіздігін сақтай білген. Және де тұрғындар үшін және дала әдеті бойынша олар заңды хандар болғасын, олардың жақтастары ұдайы көбейіп отырған. Тек қана халықтың көпшілігі қолдағасын, Абулхаирдың өлімінен кейін олар шығыс Дешті Қыпшақты оңай бақылауына алған. Сөйтіп, Урустың шөберелері хандықтың негізқалаушылары рөліне еш жарамайды, одан гөрі олар өз династиясының билігін қайта жандандырушы. Ал Қазақ хандығының негізқалаушысы деп тек Урус ханды ғана санау керек және де Керей мен Жәнібекте дәл осылай ойлаған болар. Қалай болғанда да, тек осылай ойлағанда ғана осы көшпелі мемлекеттің тарихын ұғынуға мүмкіндік аламыз».

Р. Темиргалиевтің келтірілген пікірі қайта басылып жатқан кітаптың барлық ұстанымдарын растап тұр. Сонымен бірге, Р. Темиргалиев, біз сияқты Ж. Сабитовтың «Алаша-хан» мақаласын қабылдауға әбден лайық деп санайды. (Темиргалиев Р. Настоящая история… с. 111–118). Ж.М. Сабитов өз зерттеулерін төрелер шежіресіне арнайы арнаған және аңыздардағы Алаш хан түпнұсқасына Урус ханнан өзге ешкім таласа алмайды деп санайды. Аңыз бойынша, Алаш хан далалық тайпалардың сол қанаты болатын барлық алашмыңның көсемі болған (әлгі тайпалардың қатағандардың оң қанатынан айырмашылығы, бәлкім, олар оғыз емес болған). Қазақтың бірінші ханы ретіндегі Урусты аңыздағы Алашпен ұқсастыру тек қана Левшин емес, Валиханов деректерімен де дәлелденеді. Урус өмірінен алынған тарихи сенімді деректер аңыздағы Алаш өмірімен толығымен ұқсас, тіпті уақыт бойынша да. Монгол тілінен Алаш – өлтіруші деп аударылады. Ал Урус барлық деректерге қарағанда далалық билікті заңсыз тартып алғандарды өз қолымен өлтірген (мысалы, қият Джир Кутлуды). Асқақтығымен және ұрысқақтығымен белгілі Урус, өз атына байланысты, тумысынан сарышашты болған шығар, ал мінезі ондай болмаған. Қалай болғанда да, оның ежелгі орыстарға тән ныспымен аталғаны қызық. Сондықтан аңыздағы Ақ Нияз ныспысы кейінгі Хак Назар ханнан гөрі Урусқа жарасады, өйткені Хақ ақ немесе ақшыл деген емес. Біз Алашты қарақшы казак үш жүзінің көсемі ретінде және Урусты қазақтың бірінші ханы ретіндегі қолдап отырған Сабитов нұсқасының осал жері Урустың үш жүзге қатысы. Урус ханды қанша сыйласақ та, оның қазақтарды үш жүзге бөлгені беймүмкін және оларды жүздер деп атаған да ол емес, ол тек олардың үлкендік ретін анықтай алар еді. Өкінішке орай, Р. Темиргалиев жұмысының осы беттерінде (сонда, 117 б.) аса бір еркін пайымдау жасайды, ол оқырманды қысқалығы мен нұсқалығы таң қаларлық «Қазақ хандығының нағыз тарихы» кітабына сенімінен онша айныта қоймас деп сенеміз. Р. Темиргалиев Жүз Орда ұғымын онша қисынды деп таппай, оны «Орданың Жүзі», демек «орталық» мағынасындағы Орта Жүз деп оқиды. Ол «орта» ұғымының жас үлкендігі табиғатына және «орталық» ұғымының жердегі орналасу ретіндегі айырмашылықтарына назар аудармаған. Әңгімелеп отырған мәселе ауқымында «орталық» ретіндегі Орта Жүз орта емес, тек «ұлы» болар еді. Сонымен бірге, дыбыстануы мен жазылуы бірдей Жошының бірінші ұлы Ордудың және әскери тұрақ Орданың екі басқа екенін ажырата алмаған. Сосын ол улустың тек қана ру-тайпалық бірлестігі емес, сонымен қатар, бақылаудағы территория ретіндегі жұрт екенін есте сақтамаған. Жүз Орда Орталық Қазақстандағы Орта жүздің жеріне еш орналаса алмас еді. Оны айтасыз, В.П. Юдин осы Жүз Орданы орыс тілінде де жүз орда деп түсінген. Бұл мәселеде біз әйгілі түркітанушыға сенуге міндеттіміз. Және де егер Р. Темиргалиев Шыңғысханның ежелгі монгол суперэтносының шығу тегі мен құрылымының «қазақылық» арқылы болған деген концепциямен таныс болғанда ол, бәлкім, пікірін өзгертер еді. Бағымызға, бұл оның бүкіл кітабындағы өзі ашқан жаңалықтарының артықшылығына қызығудың және өз методологиясына (ереже ретінде жарияланбаған, бірақ осы уақытқа дейін оны мүлт кеткізбеген) көз жұма құлаудың жалғыз көрінісі.Басқа жердегі автор тапқан кейбір сирек ақаулықтар көрегенді, ұғынықты және дауласуға тұратындай. Атап айтқанда Р. Темиргалиев, кеңес тарихшысы С.Е. Толыбеков сияқты, қазақтардың қазақ арбадан құрама киіз үйлерге көшкенін өмір сүруде жеңіп шығудың маңызды факторы санайды, «өйткені өте жәй жүретін үйлі арбалар ойраттың жойқын атты әскеріне оңай олжа болатын» (Темиргалиев Р. Настоящая история… с. 268). Жоғарыда «Қазақстан және Орталық Азия тарихы» оқулығы редакторларымен дискуссияда келтірілген дәлелдерден өзге мынандай нәрселерді айту қажет:

1
...
...
12