Читать книгу «Kazakstan: ұлттық идея және дәстүрлер» онлайн полностью📖 — Канат Нуров — MyBook.
image

Еркін тарихшы еркін емес тарих жөнінде

Радик Темиргалиев

Қазіргі кездің онша алыс емес өзге кездерден айырмашылығы: барлық кітап дүкенінде Қазақстан тарихы жөнінде кітаптары бар жеке сөре немесе тұтас шкаф табуға болады. Кітаптар көп, бірақ олардың көбісі, иә, іш пыстырар бір қызықсыз оқулықтар, иә, ресми ғылым өкілдерінің «кезекті жұмыстары». Кейбір сондай опустарды оқығанда, олардың авторлары таяқтан қорқып, көңілсіз жазғандай әсер қалдырады. Алайда, тәуелді магистранттар мен аспиранттардың еңбегін пайдалану қазір ешкім үшін құпия емес. Әрине «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында бұрын шықпаған қайнаркөздердің көп мөлшері шықты, бірақ ол мамандар үшін әдебиет, ал тарихқа қызығатын кәдімгі зияткер адам монографиялар мен ғылыми-танымдық әдебиет оқып өзінің білімін толықтырады. Ал бұл тұрғыда аса алға басу байкалмайды. Елімізде көптеген кандидаттар мен тарих ғылымының докторлары еңбек етеді, бірақ еңбектері шынымен біздің өткенімізді білуге және түсінуге көп жаңалық әкелетін тек аздаған ғана есімдер бар.

Әсіресе, отандық ғылымымызда қазір тұтас бағыт боп қалыптаса бастаған шығармалар көңіл қыжылын тудырады. Мұндай жұмыстарда қазақтың тарихы ретінде, мысалы, Сыр бойы аймағының отырықшы тұрғындарының тарихы жөнінде егжей-тегжейлі баяндалады. Бұл жерлер онда тұратын тұрғындарымен бірге шынымен де ғасырлар бойы Шығыс Дешті Қыпшақ көшпенділеріне бағынған, бірақ сол ислам ұстанған дихандарды, қолөнершілерді және саудагерлерді қазақтардың бабалары деп айту қиын шығар. Н. Масанов өте әділ айтқандай, бұл өз тарихы мен мәдениетіңді сыйламаумен бірдей.

Қанат Нұровтың «Kazakstan: ұлттық идея және дәстүрлер» кітабының шүбәсіз қасиеті: оның көшпенділікке арналуында. Және тіпті жәй көшпенділікке емес, қазақ көшпенділігіне. Көптеген тарихшылар үшін егіздердей бірдей көрінетін номадтар іс жүзінде француздар мен қытайлардан бетер бір-бірінен өзге болған. Тіпті, көрші болған жоңғар, казак, қырғыз, «көшпелі өзбектер», түркмендер арасында қоғамдық және саяси кұрамы жағынан орта ғасырлар кезеңінде тұңғиық өзгешеліктер болған. Автордың осы тақырыпты ғажап ашқанын мойындау керек. Тек баяндаумен шектелмей, ол қазақ қоғамының дәстүрлі құрылымы жөнінде көптеген түбегейлі идеялар мен ойлар айтады. Мен олардың көбісіне келісемін және олар қазіргі кезде қанша шектен шыққан және үйреншікті емес боп көрінсе де, ғылыми қауымдастық осы ойлардың ақиқаттылығын мойындайды ғой деп сенемін.

Автордың оқырманға өткен шақтың объективтік картинасын көрсетуге талпынысы да өте ұнамды әсер қалдырады. Теорияда бұл жөнінде тіпті айтудың да қажеті болмас, ғалымның объективті болу қажеттігі бесенеден белгілі, бірақ өкінішке орай тарих ғылымының ахуалы сондай көптеген ғалымсымақтар туған халқының тарихын тек жақсы жағынан көреді де, дәл сол күйінде қоғамға келтіреді. Бұл кітап осы жағынан да ережеден тыс үздік құбылыс. Автор тарихшылардың көптеген көбіне тыйым салынғандай мәселелерге өте адал, көлгірсімей, айтар ойынан тайқымай, тура барған.

Кітап коньюктуралық есеп қисабы жоқтығымен де өзіне тартады. Қазіргі кезде марксизм-ленинизм классиктерінің цитаталарына толы Cоветтiк кезеңінің тарихшылары кітаптарын оқу азаппен тең, бірақ ол кезде көптеген ғалымдар гылымға тіпті жақындай алмас еді. Қазір үлкен есеппен келгенде, ешкім билікті сүюге мәжбүрлеп жатқан жоқ, бірақ, соған қарамастан, тарихшылар өз еңбектерін тақырыпқа аз қатынасы бар Елбасының қанатты сөздерімен әшекелеуді жақсы көреді. Ал ең жаңа тарих мәселелерімен айналысатын ғалымдар тәуелсіз Қазақстанның тарихын Елбасының үздіксіз табысы мен жеңісі ретінде суреттейді.

Бұл тұрғыда да қарастырылып отырған жұмыс ешкімге ұқсамайды. Бұл өте байыпты зерттеу. Мұнда автор қазақ қоғамының дәстүрлі құрылымы жөнінде де және оның қазіргі бұзылған, өзгерген, модернизацияланған нұсқасы жөнінде де күмілжімей, билік пікіріне қарамай, ашықтан ашық айта береді. Автордың қазіргі жағдай және қазақ ұлтының алдағы даму жөніндегі тезистері тіпті «баяғыда өткен күндер ісіне» қызықпайтын адамдарды да қызықтыра алатындай.

Егер кемшіліктеріне келсек, онда меніңше, кітаптың ең осал жері – «Қазақстанның шығу тегі қазақылықтан» деген концепциясы. Кезінде В. Вельяминов-Зернов құрастырған қазақ тарихының қазіргі концепциясының негізін жоққа шығара отырып, автор дұрыс жауапты іздегенде неге екені белгісіз А. Левшинге жүгінеді. Сөйтіп, ол оның оппоненттері жасаған қатені өзі жасайды. Ол сөзсіз көп ғасырлы тарихы бар «kaзak» терминіне ереді, қазақ этносының тарихын осы сөзбен сонша тығыз байланыстыруға еш негіз болмаса да. Мысалы, этнографиялық дәйектерде де (батырлық жырлар және жыраулар поэзиясы және жазба қайнаркөздерге де сәйкес, соның ішінде бірінші дәрежелі маңызы бар Қадырғали бектің шығармасына да) қазақтар өздерін XVII ғасырға дейін қазақ деп атамаған. Нағыз kaзakтар таза анархисттер болатын, ал қазақтарда, дегенмен, өзінің аса айқын және, сонымен бірге, өте икемді саяси мәдениеті болған. Қазақтардың арғы атасын қазақтар деп атап, жат жұрттық жылнамашылар олардың намысына тиюге тырысқан. Ал уақыт өте, тарихта жиі болатындай, дөрекі термин халықтың өз атауына айналды.

Менде тағы бір түсінбеушілік тудырған нәрсе: Шыңғысханның қазақ тарихындағы маңызы мен орнының бағалануы. «Тәңірі ұрпақтары әлемді билеу үшін жаралған» – бұл «әлемді тітіркендірушінің» және оның ұлыдержавалық философиясының басты негізі. Және мен автордың ұлы монгол «қазақ идеяларының» дамуына қатысы бар деген шешіміне мүлде келіспеймін. Біреудің еркіндігін тартып алғандар өздері де еркін бола алмайды. Тарихи деректердің куәландіруінше, монгол басқыншылығы мен Алтын Орданың жарыққа шығуы қыпшақ тайпаларының саяси ұйымдасуының демократиялық принциптерін жойған. Бірақ, далалықтар өз еркіндігі үшін үнемі күрескен және Гумилев айтқандай, Қазақ хандығының құрылуы қоғам құрылысының Шыңғысханнан бұрынғы әлеуметтік саяси формаларын қайта жандандырудың негізінде пайда болған. Меніңше, түрлі қайнаркөздер қосалқы болса да, көшпелі қоғамның далалық демократиясын және дәстүрлі либералды құндылықтарының салтанатын хан Қасым билігі кезеңімен байланыстырады.

Әрине, егер сондай мақсат қойсақ, әлдеде кейбір кемшіліктер мен сәйкессіздіктер табуға болар еді, бірақ олар кітаптан жалпы әсерді бұза алмайды. Өйткені, бұл кітап даталар мен есімдер жөнінде емес. Автор ең алдымен оқырманды тарих жөнінде өз бетінше ойлануға шақырады. Автор көтерген тақырыптар жөнінде ойлануды және солардан аттап, жаңа аумақтарға шығуға жетелейді. Өйткені, біздің өткен шағымызда қазіргінің өзекті мәселелеріне жауаптар жатыр. Және Қанат Нұровтың кітабы осыны түсінуге тамаша көмектеседі.

«Kazakstan: ұлттық идея және дәстүрлер» кітабының екінші басылымына автордың кіріспесі

Қ.И. Нұров

«Казак ордасы ешкімге бағынбайтын, көпхалықты және әскери»

(И.К. Кириллов, Орынбор экспедициясының бастығы, 1734)

Бұл кітаптың 1995 жылғы бірінші басылымы шыққан бойы бірден тарих ғылымдарының докторы Мәмбет Қойгелдиевтің, тарих ғылымдарының кандидаты Н. Нуртазинамен бірлесіп жазған «Қолайлы әмбебаптық – бұл кімнің философиясы?» деген жанжалды мақаласы шықты. Оны мен қазір осы басылымның соңында келтіріп отырмын. Соған байланысты, менің тақырыбымның ғылыми жетекшісі, тарих ғылымдарының докторы Абылхожин менің диссетациямның қорғауын «келешек жақсы заманға» дейін ысырып қойды. Ол «пысықай» жылдары диссертацияларды кез келген тақырыпта және кез келген бағаға қорғай беретін, бірақ осы мақаланың ұрдажықтау қарқыны мені бір күмәнді тұлға ғып көрсетіп, қорғауыма зор бөгет болды. Менің этнография мамандығынан қорғауыма көмектесуге тырысқан тарих ғылымдарының докторы А.Т. Төлеубаевтың «Мынау жұмысты енді еш жерге жібермейді», – дегені рас боп шықты. Өздерінің бүгінгі позицияларын көрсеткен Абылхожин мен Төлеубаевтың пікірлері де осы кітаптың соңында келтірілген. Осыған байланысты Б.М. Ысқаковқа жақында АҚШ Калифорния штатындағы Йорк университетінде диссертациямды сәтті қорғауыма көмектескені үшін терең ризашылығымды білдіремін. Сонымен қатар, осы кітаптың екінші басылымының ұйымдастырушылары А. Құрмановаға, Р. Тленшиеваға және, әсіресе, мені осы кіріспені жазуыма қажетті арнайы әдебиетпен қамтамасыз еткен Тимур Сакеновке алғыс айтқым келеді.

Кеңестiк кезеңнен кейінгі уақытта қазақстандық тарих философиясы қазақтардың арғы аталары ретіндегі қыпшақтар Русь сияқты монгол-татар шапқыншылығының құрбаны болды деген баяғыда тозығы жеткен позицияны ұстанумен болды. Сондықтан менің Шыңғысхан монголдан шыққан казак ретінде қазақ мемлекеттілігінің атасы деген пікірім бәріне де сандырақ көрінді. Ал қазір, бар болғаны он бес жыл өтсе де, Шыңғысхан қазақ деген пікір бесенеден белгілі ақиқат сияқты. Бұл, әрине, ақиқаттан алыс нәрсе, ол, керісінше, Қазақстан тарихын қияли жорамалдар легінде адастыру. Н.Э. Масанов, Ж.Б.Абылхожин және И.В. Ерофеева өздерінің «Қазақстанның қазіргі тарихнамасындағы ғылыми көзқарас және мифтік ұстанымдар» (Алматы, 2007 ж.) кітабында бұл пікірді жан-жақты әшкерелеген.

Бүгінде дүкен сөрелерінде бірінші басылымның бірде бір данасы қалмай тұрғанда және қазақ этносының һәм мемлекеттілігінің шығу тегіне арналған жаңаша көзқарастағы көптеген кітаптар шығуына байланысты оның екінші басылымының шығуы өте орынды. Мен өзімнің сыншыларыма да, және маған байланысты ма, байланысты емес пе, менің көзқарасыма жақын келген кісілерге алғыс білдіремін. Маған осы кіріспе арқылы Қазақстан тарихнамасының қазіргі жетістіктеріне және менің сыншыларымның негізгі ұстанымдарына қатынасымды білдіруге рұқсат етіңіздер. Өйткені, бұл кітап еш өзгеріссіз, қосып, алусыз, атауы сәл өзгерсе де, сол күйінше басылып отыр.

Сонымен қатар, өзім көп жылдар бойы ұлттық корпорациялар деңгейінде басшылық жұмыста жүргесін, көп нәрсенің жаңа қырлары ашылғандай. Әсіресе, бұл Қазақстан саяси жүйесін жаппай вестернизациялау керек деген ғылыми дүниеден гөрі қиял-ғажайып ертегісіне ұқсайтын соңғы бөліміне қатысты. Маған енді көп нәрсе 1995 жылдағы өзім ұсынған саяси рецепттер сияқты қарапайым және оңай көрінбейді.

* * *

Ең алдымен, қазақ ұлтының қазақлық шығу тегі концепциясының жаңаша резюмесін әйгілеп, қайта басылып жатқан кітаптың негізгі проблемалары жөніндегі Қазақстан историяграфиясының қазіргі жетістіктеріне сүйеніп және, осыған байланысты, өзімнің көшпелі қазақтар этносының, мемлекеттілігінің шығу тегі, оның неге үш жүзге бөлінетіні жөніндегі түсініктеріме қандай өзгерістер енгенін көрсеткім келеді.

Қазақтар этногенезіндегі қазақлық концепциясының резюмесі

Қазақлық концепциясының жеңілдетілген жалпылама жобасы:

Орталық Азия – Орта Азия емес.

Азияның географиялық орталығы Батыс Түркістанда емес, Алтайда (Тыва, Қызыл).

Орталық Қазақстан мен Монголия Алтайдың Батыс және Шығыс жағындағы Ұлы Даланың бөлігі.

Қыпшақ Даласы, ең алдымен, – Еділдің арғы жағындағы Ұлы Даланың бөлігі.

Этнос – туысқандық емес, өмір дағдысы, мәдени тұрмыстық қоғамдастық.

Тіл – өз этносыңды танудың қажетті, бірақ жеткіліксіз шарты.

Мемлекеттілік – этнос болудың жеткілікті, бірақ қажетті емес шарты.

Сактар және көне үйсіндер – қазақтың арғы атасы емес.

Кейінгі ғұндар және көне түркілер – қазақтың арғы атасы.

Отырар – қазақ қаласы емес, оған көшпелі қазақтардың нағыз аталары өрт қойған.

Көшпелі қазақтардың нағыз аталары – көне монголдар, оларды татар казактары деп те атаған.

Йемек, кимак, телеуіт, қыпшақ сияқты жергілікті тайпалар ежелгі монгол суперэтносының қазақы өмір дағдысын қабылдаған, немесе, оларда ол бұрыннан болған.

Орталық Азиядағы қазақылық – ежелгі монгол суперэтносының және оның субэтносы қазақтардың ежелгі түркі монголдық өмір дағдысы.

Kaзak деген еркін жаугерлер және өз ру тайпаларынан бөлініп, өз отбасыларымен жекеше көшіп-қонып жүрген байлар.

Тайпадан тыс казактар әскери мұқтажда әрқашанда жүздік пен мыңдыққа біріккен, өздеріне рубасылар арасынан таңдап атамандар сайлаған, сөйтіп, әскері бар қолбасшылар ретінде ру-тайпаларды билеп отырған.

«Казакия» және «казак хандары» жөніндегі мәліметтер бірінші рет Х-XI ғғ. аталады.

Хан және хандардың ханы – қағандар рубасылар арасынан тайпалар үстінен жоғарғы билікке сайланған әскери қолбасшылар.

Қыпшақтардың Ел бөрі және қияттардың Борджигин (Бөрі тегін) бөрітектес рулары Ашинаның ежелгі түркілер руымен және алашмыңы сияқты өзінің шығу тегін бөріге апаратын уйшин, аргын және алшиндардың kaзak одақтарымен байланыста.

Күшті, мықты деген мағынадағы түркі және монгол деп аталатын тайпалар дүниеде ешқашан болмаған.

Бұл Ашина және Шыңғысхан тұқымына бағынған тайпалардың жалпы саяси атауы ғана.

XIII ғасырда Шыңғысхан барлық далалықтарды казактарға айналдырды, ол тайпалық әскерлерді жойды, ру мен тайпаларды бір-бірімен араластырып жіберді, оларды тұтас және маманданған әскер-ұлттың, орданың жүздік пен мыңдықтарына бөлді.

Осы жүздіктер мен мыңдықтар арқылы өздерінің әскербасылары ру-тайпаларының ежелгі түркі-монголдық атауларын сақтаған мүлде жаңа, саяси тайпалар пайда болды.

Өзінің үлкен ұлы Жошыға Шыңғысхан Қазақстанда ұлыс бөлді.

Жошы өлгесін Жошы ұлысының басшысы қылып Шыңғысхан Жошының бірінші ұлы Ордуды емес, оның екінші ұлы Батуды қойды.

Батухан Жошы ұлысының шекарасын Европа мен Литваға шейін жеткізді.

Еділ бойындағы Сарай қаласында Батухан Жошы ұлысының (Ақ Орда) астанасын салды және, Еділге қарағанда, оның оң жағындағы бөлігіне билік етті.

Батухан Орду Еженге Қазақстанды өзі басқарып отырған Жошы ұлысының сол қанатын (Көк Орда) ретінде қалдырды.

XIII ғасырдың екінші жартысында Батухан Қазақстанды үш ұлысқа бөлді. Орду Ежен ұлысының ішін ол тағы екі ұлысқа бөлді: шығыс пен батысқа дейінгі бөлігін ол Жошының бесінші ұлы Шибанға және он үшінші ұлы Тука Тимурге беріп, оларды Орду Еженге бағындырды.

Енді осы үш ұлыс төрелердің өзара жас үлкендігіне байланысты ең ірі ұлыстар саналатын болды.

XIV ғасырдың бірінші жартысында Өзбекханның өлуіне байланысты Ұлы Бүлік басталды.

Орду Еженнің тұқымы Урусхан XIV ғасырдың екінші жартысында Көк Орданы Алтын Ордадан тәуелсіз қылып, Жошы ұлысын біріктіру мақсатында Ақ Орданы басып алды.

Бірақ, Бату тұқымы құрыған соң, Алтын Орданы қалпына келтіру мүмкін емес еді.

Бату тұқымының оң қанаты жойылды, сондықтан Ақ Орда мен Көк орда Қазақстан төрелерінің иелігінде қалды.

XV ғ. басында шайбани Абулхайр Қазақстанның билігін тартып алып, халқын өзбек деп атады. Онысы Батудың өтірік ұрпағы Өзбек ханға тағзым еткені еді.

Сол ғасырдың екінші жартысында Урусханның немерелері Жәнібек пен Керей Орду Ежен династиясын қайта жандандырғасын, Орду, Шибан және Тука Тимурдың үш ірі ұлысы ОрдуУрус тұқымының бастауымен үш жүзге айналады.

Осы үш ұлыс жүздерге олардың жүзбасы мен мыңбасыларының Шыңғысханға жақындығына байланысты казак ру мен тайпалары қосылған.

Міне, осылай төрелердің жас үлкендігіне байланысты үш жүз пайда болды және ру-тайпалар да Шыңғысханға жақындығына байланысты түрлі статусқа ие болды.

Хорчи ата, өзге аты Усун Эбуген, бақсылардың басшысы, ежелгі монголдардың ең басшы тайпасы баариндерден шыққан және, мүмкін, уйшин одағын басқарған.

Қадан тайшы, өзге аты Арғын ата, ойраттардан шыққан және, мүмкін, арғын одағын басқарған.

Эдыге би, өзі маңғыт, ноғайлардың түп атасы болған және, мүмкін, алшин одағын басқарған.

Ұлы жүз (Үйсін ордасы), Орта жүз (Арғын ордасы) және Кіші жүз (Алшин ордасы) Жүз орданың (Батуханның Ақ Ордасы) тура kaзak мұрагерлері.

Барлық қалған ордалар мен ұлыстар жергілікті тұрғындармен араласып, өз тұрған жерінің атауымен аталған және бір өз билігі өзінде хан, немесе бекке бағынған.

Еке Монгол Ұлысы Шыңғысханның алтын руына бағынған әлемдік империяның казак метрополиясы.

Монголиядағы тайпалардың Қазақстандағыдан айырмашылығы, олар XV ғ. Казак дағдысынан айырылып, Шыңғысхан тұқымын биліктен айырып, қытайланып кеткен.

Шыңғысханның заңы тәңірлік Мәңгі Көкке (Құдай) және әруақтарға сену казактарға отырықшылануға тыйым салған.

XIX ғ. екінші жартысында Ресей Шыңғысхан тұқымы, қазақ төрелерін биліктен айырады.

Төрелер саяси сахнадан кеткесін, қазақтар саяси тайпаларының жүздік иерархиясы өз мәнін жойып, жоқ болады және ол ешқашанда туысқандық қатынастарға тән кландық трайбализмнің негізі болған емес.

Қазақ этносы және оның жүздік құрылымы тарихи түрінде қыпшақ-казак, монгол-казак, могол-казак, кырғыз-казак, өзбек-казак, ноғай-казак, орыс-казак және өзге де ұлты мен нәсілі қалай болса солай болған казактардан құрылған.

Шала казак деп тек көшпелі тұрмысы жоқ казакты атайды.

XX ғ. 30-шы жылдары көшпенді казакты күштеп отырықшы қылды, содан олар казак болудан қалды.

XXI ғ. Қазақстанда титулды этностың басшылығымен жалпыазаматтық ұлт құру үшін қазақтардың дәстүрлік құрылымын әлемге ашық жеке тұлғалық санаға және мәдениет, саясат, экономикадағы бәсекеге қарай модернизация жасай алатын ұлттық идея керек.

Қазақтың ұлттық қасиеті ретіндегі жеке тұлғалық ашықтыққа Қазақстанның бүкіл ұлттары қол қояды.

Бұл ұлттық қасиет бүкіл қазақстандықтарға ұлттық миссия береді: ақпараттық қоғамның этникалық үлгісі болуға.

Жеке тұлғалық ашықтықтың ұлттық идеясы білім беру саласында насихатталуға тиіс.

Ел атауының орыс және ағылшын траскрипциясын қазақ үлгісімен сәйкестендіру керек: Казакстан (Kazakstan) – Еріктілердің Отаны (Freedom State).

Қазақлық концепциясының жеңілдетілген жобасына байланысты қысқаша тезистер

Көшпелі түркітілді халық ретіндегі қазақтың этногенезі үндіеуропалық сақтарға да және, мүмкін, олардың ұрпақтары ирантілдес усуньдерге де қатысты емес, ежелгі түркімонгол тілдік бірлестігіндегі монголоидты алтай тайпаларына қатысты. Бұл алтын адам үшін қайғылы хабар болса да, қазақтың скиф-сақ тамырлары жөніндегі мифті сақтауға енді ресми желеу жоқ. Сонымен қатар, ғұн, көне түркі және қазақтар арасындағы мәдени-тұрмыстық ұқсастық енді ойдан шығарылғандай көрінбейді. Қазақтың этногенезі тоқтаусыз және тұтас қазақлықтың әлеуметтік негізінде болғаны жөнінде еш күмән қалмағандай. Ғалымсымақ әріптестердің миф тудырушы тезистері мазмұнынан гөрі оны дәлелдеу тәсілдеріне байланысты зиянды боп шықты.

Казак деген әлде де аударуға көнбейтін көне түркі сөзінің «бөлінген, қашқын», «өз билігі өз қолындағы еркін адам», «жаугер», «қауіпті сапарға шығушы» сияқты, көптеген жалпылама мағынасы бар. Казактар тек өздерінің ру-тайпа және мемлекетінен қашушы емес, олар белгілі қазақылық құбылысының өкілдері еді. Қазақылыққа арналған арба ретіндегі «хасах терген» көшпелі қазақ тұрмысын ежелгі монголдардан, немесе, тіпті, ежелгі түркілерден шығарады. Ресми ғылымда казак сөзінің ежелгі мағынасы әлеуметтілік саласынан: «тек өзінің қылышына ғана сенген, барлық жерден аласталған бейшара», «қауіпті сапарға еш серік, доссыз жалғыз шығушы, батыр барымташы». «Кейбір кездері белгілі қажеттіліктен бе, әлде өз еркімен бе, kaзak өмір дағдысында жүрген адамдар әрқашанда аз болмаған… Сол кездердің ұғымдары бойынша, ол, тіпті, жақсы деп саналған». Сонымен бірге, қазақылық батырдың әскери мәдениеті болған. Казак болу дегеніміз соғыста жантүршігерлік ер бола білу, ал бейбіт кезде – кез келген билікке түкіру, оның кез келген түрінен безіну. Осы қазақы еркін топты пайдалануға ежелден бүкіл далалық хандар талпынған. Бірақ, одан тұтас мемлекет жасау тек Шыңғысханның қолынан келді. Оны соңғы пайдаланғандардың қатарында ұлы княздығына жарлықты Алтын Ордадан алған Мәскеу княздары болатын.