Читать книгу «Тау мен теңіз ертегілері. Отқоректі құбыжық» онлайн полностью📖 — Мао Сяо — MyBook.
image

Желаяқ Шухай

1

«Апа, біреу келе жатыр…»

Ол кезде менің тілім әлі толық шықпаған болатын. Анам екеуміз көкөніс алқабында жүрген болатынбыз. Анам тәтті картоптың сабағын теріп жүрген, мен құмырсқаның илеуін тамашалап тұран едім. Өсіп тұрған тәтті картоптың жаңа шыққан сабағын теріп, оның жапырағын алып тастап, сыртқы қабығын аршып қуырып жейтін болсаңыз, өте дәмді болады, қоректігі өз алдына.

Күн қапырық ыстық еді, бір кезде төбеме қап-қара көлеңке түсе қалды. Мен басымды көтеріп қарап едім, қасымда біреу тұр екен. Ол маған жақындап келеді, оның жүрісі солдаттардың жүрісіне ұқсайды. Ол қолдарын сермеп, кеудесін көтеріп, нық қадаммен жүріп келеді.

Анам:

– Балам, не дедің? – деді де, жұмысын жалғастыра берді. Анамның қолы талып кеткен сияқты, ол қолдарын сілкіп-сілкіп жіберіп: – Бұлт болар? – деді.

– Бұлт емес, адам, – дедім мен.

Мен орнымнан тұрып, бізге қарай адымдап келе жатқан адамды нұсқадым. Әлгі адам біздің көкөніс алқабына таяп қалды, тәтті картоп көшеттерін мыжып-жаншып кететін болды! Недеген оңбаған адам?!.

Мен оған қарсы жүрдім, өзімше оны бұл жерден қуып жібермекшімін.

Анам айналаға көз жүгіртті де:

– Қайдағы адамды айтып тұрсың? – деп күңкілдеп, жұмысын қайта жалғастыра берді.

– Сен, алысқа кетіп қалма? Әй, балам, қайда кеттің? – деп айқайлап қалды. Анамның жанарына күн сәулесі шағылысып, ештеңе байқамады-ау деймін.

Әлгі адам біздің көкөніс алқабын аралап келеді, Ол мен білмейтін, қайдағы бір үлкен сандарды айтып келе жатқандай күбірлеп келеді.

Мен де сан санай аламын, жүзге дейін ғана. Ал ана кісі мен білмейтін үлкен сандарды айтып келеді. Ол кісінің айтқан сандары әлі есімде, оның айтқан цифрлары мені қатты таңғалдырды, тіпті мені қорқытып жіберді.

Мен әлемде мұндай үлкен сандар бар екенін білмейді екенмін!

Ол сандарды өте жылдам айтып келеді. Әр қадамын санап келе жатқан сияқты. Ол келесі қадамын басқан кезде, бөтен бір санды айтып отырады. Ол алдыңғы айтқан санға 1-ді қосып келеді. Ол санауды үйреніп жүр ме, әлде жүруді үйреніп жүр ме?

Мен оған қарсы жүріп барамын, ол да маған қарсы келе жатыр. Екеуміз соқтығысып қалуға шақ қалдық. Ол тоқтаған жоқ, тіпті тоқтайын деген ойы да жоқ. Оң аяғын тік көтеріп барып, біздің көкөніс алқабына қоюға шақ қалды.

«Менің көк пиязым, менің қызанағым, менің тәтті картоптарым…»

Бір қызығы, екеуміз бетпе-бет келіп соқты ғыспадық. Қалай екенін білмеймін, ол менің артыма өтіп кетті. Оның үстіне біздің көкөніс алқабына аяғының ұшын тигізген жоқ. Қалбаңдаған көлеңкеден өтіп бара жатып сүрінгендей болдым. Артыма бұрылып қарап едім, ол менің анама қарай кетіп бара жатқан сияқты болды. Оның тоқтайын деген ниеті де жоқ, ол енді менің анамды басып кететін болды…

Мен:

– Анашым… – деп айғайлап жібердім.

– Не болды, балам? – анам қаннен-қаперсіз: – мен мұндамын, – деді.

Мен шошығанымнан қолымды ербеңдетіп, бірдеңе дейін десем, тілім сөзге келмейді, абдырап недерімді білмей қыстығып барамын. Анам:

– Не болды? Өзің жалғыз ойнай бермейсің бе? – деп ұрысып берді.


Әлгі адам анамның қасынан өте шықты. Оның қалай өтіп кеткенін көре алғам жоқ. Ол анама еш зәбір тигізген де жоқ. Анам да ешкімді көрмеген сияқты, әлі де өз жұмысын жалғастыра берді.

Мынау адам емес пе? Адам болмаса, не болды? Апыр-ау, бұл елес пе, әлде жын ба?.. Мен есеңгіреп қалдым.

Мен оның біздің үйге қарай кетіп бара жатқанын байқадым. Оны қуып жетіп, не болып жатқанын сұрауым керек. Неге оны мен ғана көре аламын? Неліктен ол біздің көкөніс алқабын кесіп өтеді?

Анам менің үйге қарай жүгіріп бара жатқанымды көрді. Ол мені үйге барып су немесе тамақ ішіп келеді деп ойлап қалған болар, маған ештеңе деген жоқ. Өйткені көкөніс алқабы біздің үйдің дәл артында болатын, үйге тиіп тұр.

Әлгі адам біздің үйдің артқы есігіне қарай тартты. Ол үйге кіре ме? Ұры болуы мүмкін бе?

Бақытымызға орай, біздің артқы есік құлыптаулы, ал кілтті босағадағы кішкене тесікке қалдырып кеткенбіз, ол мұны білмейді!

Сол кездегі жайт мені қатты таңғалдырды: әлгі адам біздің үйдің артқы есігін ашқан жоқ, артқы есіктен өтіп, үйдің қабырғасымен жүріп, төбеге қарай кетіп барады.

Дүние айналып кеткендей болды, мен шалқайып артыма құлап қала жаздадым, әлгі адам қабырғамен құламай жүріп барады.

Еш кедергісіз, алға тартып барады…

Оның денесі қабырғаға перпендикуляр, ол төбеге қарай шынымен жүріп барады! Әлгі адам үйдің төбесіне шықты.



Денесі бірте-бірте қысқарып барады, аяғы, сосын бөксесі, содан кейін иығы көрінбей кетті, тек шашы ғана қалды… мен дереу кілтті алып, артқы есік арқылы үйге кірдім, одан кейін алдыңғы есікті аштым.

Мен есікті ашқан уақытта ол да қабырғадан төмен түсіп, есік алдында тұр екен.

«Ей, сен…» мен өзімше оған ұрысайын деп едім, неге екені белгісіз, аузымнан: «Сен… осында тынығып аласың ба? Су берейін бе? Біздің үйде… тәтті жүгері бар, жейсің бе?» деген сөздер шығып кетті.

Ол жүрісін тоқтатқан жоқ, бірақ артына бұрылып, маған қарап күлгендей болды.

Мен жүгіріп үйге кірдім де, бір кесе мен бір шәйнек шай алып шығып, оның артынан қуып қақпадан шықтым.

«Рақмет, кішкентай мейірімді адам!..8, менің маңызды істерім бар,..9 », – деді әлгі адам.

Бұл оның менімен бірінші рет сөйлесуі еді.

Ол менімен сөйлескен кезде де жүрісін тоқтатқан жоқ, әр басқан қадамын санап, өзін өте сабырлы ұстады.

Ол тіпті сөйлеген кезде де саннан жаңылған жоқ. Тіпті шайды (мен берген бір кесе шайды қуана-қуана ішіп алды, анамның дайындаған шөп шайының дәмі өте жақсы болатын) қылқылдатып жұта салды да, ары қарай жүріп кете барды. Ол естіп те көрмеген, менің қиялыма да кірмейтін үлкен сандарды айтып кетіп барады.

2

Содан бері талай жыл өтіп кетті, мен бұл оқиғаны ұмытып та қалыппын.

Біздің отбасымыз ауылдан қалаға көшіп келді, яғни туған жерден алыстап кеттік.

Балалық шақтағы сол шынайы естеліктер бірте-бірте бұлыңғыр тарта бастайды. Ол бейне бір көрген түс сияқты. Сол кезде есіңе түскенімен, қазір естен әлдеқашан көтеріліп кеткен.

Егер ол мені қағып қалмағанда, мен оны байқамас едім.

Ол кезде мен зебра өткелінде тұрған едім, жолдан өтетін адам көп еді. Жасыл шам жанғанда адамдар жапа-тармағай дүрлігіп, жолдан өте бастайды. Маған жолдан тез өтуге тура келді, өйткені мектепке бару үшін жолдың арғы бетіндегі № 903 автобусқа отыруым керек. Өйткені сабақтан кешігіп қалмауым керек.

Көпшіліктің арасында ол да пайда бола қалды. Жүрісі ерекше, екі қолын сермеп, қадамын нық басып, солдаттарша жүріп келеді. Ол мені өзіне қарату үшін әдейі түртіп қалған сияқты. Мен оның жүріс-тұрысының ерекше екенін байқап, оны бір жерден көрген сияқты болдым.


Иә, балалық шақтың естеліктері жадыңда жатталып қалады, ол бейне көрінбейтін қаламмен жазылған құпия сөзге ұқсайды, керек кезде жалт етіп ойыңа түсе қалады. Дұрыс, бұл дәл сол адам! Кезінде біздің көкөніс алқабын кесіп өтіп, үйіміздің төбесіне жүріп шыққан адам.

Ертегілерде суреттелетін таңғажайып адам…

Бұл өзі төрт көшенің қиылысы болатын. Жолдан өткен соң, тағы бір түзу көше жатыр. Мен автобусқа отырмадым. Себебі мен оның қасында біраз уақыт жүргім келді. Санамда шешілмеген сан сұрақ жатыр, соларды шешкім келді.

Қанша жыл өтсе де, ол еш өзгермепті, сол баяғыдай әлі де өзіне сенімді көрінді. Көшедегі адамдар жан-жағына бажайлап қарауға мұршасы келмей, асығыс кетіп жатыр, оны менен басқа ешкім байқады ма, білмедім. Ол өзі де басқаларға аса мән бермейтін сияқты көрінеді.

Мен баяғы «мейірімді кішкентай адам» емеспін, мен есейдім, оның қадамына ілесіп жүре аламын. Мен онымен қатарласып жүріп келемін. Ол әр қадамын ашқан сайын үлкен сандарды айтып күбірлеп келеді, ол сандар мені баяғыдай қорқыта алмайды. Ол әр санның басын өте жылдам айтқанымен, соңғы цифрды өте анық айтып келеді.

«…4,..5,..6». Ол сан санап келеді.

Жоқ, шынын айтқанда, ол әр басқан қадамын санап келеді.

– Ағай, сіз сан санағанды ұнатасыз ба?

– …9.., – деп, ол маған қарап күліп қойды. Мен:

– Ағай, жаттығу жасап жүрсіз бе? Жаяу серуендеу – ең жақсы физикалық жаттығулардың бірі, – дедім қуланып.

– Сен мені серуендеп жүр деп ойлайсың ба?..1.., – деп, ол өзіме кері сұрақ қойды.

– Серуендеп жүргенге ұқсамайсыз.

– Біліп тұрып сұрағаның қалай?..3.., – деп, ол жүрісін тоқтатпастан менің басымнан сыйпап қойды.

– Ағай, қайда кетіп барасыз? – деп сұрадым.

– Ешқайда бармаймын, бірақ мен сен балақайдың қайда кетіп бара жатқаныңды білемін, – деп жүре сөйледі.

– Ал, айтыңызшы? Мен қайда кетіп барамын?

– Сен мектепке барасың…4.

– Ағай, оны қайдан білдіңіз?

– Сенің асынған сөмкең бар…5. Мектепке бармағанда басқа қайда барасың?

– Ағай, сіз ешқайда бармасаңыз, қайда барасыз? – деп әдейі қызық сұрақ қойдым.

– Сен бе, сен…6. Ол менің сұрағыма күліп алды да, саусағымен мұрнымнан түртіп: – Менің атым Шухай2. Мен ешқайда бармаймын, бірақ менің жүрмейтін жерім жоқ. Саған қалай түсіндірсем екен, мен мына әлемді қадаммен өлшеп жүрмін.

– Қадаммен бе?

Мен оның сөзіне қатты таңғалдым.

Дүниеде мұндай мамандық бар екенін білмейді екенмін, әлемді қадаммен өлшеуге бола ма? Әлем деген алып дүние емес пе, оны қадаммен өлшеп шығуға бола ма? Ал өлшеп шықты дейік, мұндай қарапайым әдіспен өлшегенде, тура шыға қояр ма екен?..

Оның қожайыны кім? Ол кім үшін жауап береді?

Шухай ағайдың ылғи өзін тік ұстап, қадамын біркелкі алып жүргені содан екен ғой.

Оның бұрағай бұрыс жүрмей, алдында тау болса тауға шығып, өзен болса өзенді кешіп, түзу тарта беретіні содан екен ғой.



– Бұл көне мамандық…7.., – деді Шухай ағай жүре сөйлеп: – жоқ, мұны кәсіп деген дұрыс болар…8.., менің қолымнан келетін шаруа осы ғана…9.., – деді.

Ол бірінші цифрды өте тез айтады, мен оларды есіме сақтай алмай қиналамын, бірақ соңғы сандарды анық естимін.

«Ағай, тынығып алмайсыз ба?» деп оны уайымдап: – менде бұлақ суы бар, ішесіз бе? – дедім.

– Рақмет саған, мейірімді кішкентай адам…

Бұл екеуміздің арамыздағы құпия сөз сияқты, екеуміз ғана түсініп, күліп алдық. Мен судың қақпағын ашып, оған ұсындым.

Шухай ағай, суды алды да, қылқылдатып жұтты-ау келіп.

«Бұған қарағанда суық шайдың дәмі жақсырақ еді».

Шухай ағай құмыраның қақпағын маған қайтарып берді. Ол бір құмыра суды бір өзі ішіп қойды.

Су, шай дегенде келмеске кеткен балалық шағым еске түсті, мені көкейде жүрген сұрақтар қайта мазалай берді.

– Ағай, сіз қалайша ары-бері бұрылмай түзу жүре бересіз?.. Мен бұл сұрақты қалай жеткізерімді білмей: – сіз біздің үйдің төбесіне жүріп шығып кеттіңіз ғой? Сіз Бэтмен емессіз ғой. Табаныңызда магниттік диск жоқ па? Болмаса ерекше қабілетіңіз бар ма? – деп сұрадым.

– «Бэтмен, магниттік диск, ерекше қабілет» дейсің бе?

Шухай ағай менің не айтып тұрғанымды түсінбегендей абдырап қалды.

– Менің айтайын дегенім, сіз… біздің үйдің төбесіне қалай жүріп шыға салдыңыз?