Читать книгу «Деген екен» онлайн полностью📖 — Баянғали Әлімжанов — MyBook.

Үш президент пен ақын

1996 жылдың шiлде айында Қазақстан президентi Нұрсұлтан Назарбаев, Өзбекстан президентi Ислам Каримов, Қырғызстан президентi Асқар Ақаев Көкшетауда бас қосты. Үш президенттiң алдында жыр толғаған ақын Нұрекеңдi туған күнiмен құттықтапты.

 
Нұреке, құтты болсын ер жасы –  елу алты,
Өркендеп туған елмен бiрге шалқы!
Сiздерге ақ тiлегiн қосып отыр
Бiр туған қазақ, қырғыз, өзбек халқы!
 
 
Ислам аға, қош келдiң
Алдыңнан шықтым әкалап,
Ордалы он сан өзбектi
Ту астына жидырдың,
Бiр арнаға сидырдың,
Ұры менен қарыны
Бiр жарлықпен тидырдың!
Өзбек, қазақ, қырғызға
Туыстықты күй қылдың!
 
 
Құрметтi ағаң Асекең,
Ел қырғыздың басы екен,
Қош келдiң Көкше жерiне,
Сұлу сексен көлiне,
Өз елiңдей жарасып,
Шыға бер, аға, әрдайым,
Дархан қазақ төрiне!!!
 
 
Қазақ, қырғыз, өзбегiм –  туған бауыр,
Бөтен бе сiздiң қышлақ, бiздiң ауыл?!
Тұтасып, бiр-бiрiңе пана болып,
Тұрыңдар, аннан-мыннан соқса дауыл,
Ұрпағым, бөлiнбе деп жатқан шығар
Ташкенде Төле би мен Шайхантауыр!
 
 
Бар әлемнiң алдында
Жарқырай берсiн жүздерiң,
Ұзағынан болсын алдыңда
Бұдан да жақсы кездерiң,
Қол ұстасып жасай бер
Қазақ, қырғыз, өзбегiм!!!
 

Президенттер ақынға алғыс айтыпты. Ислам Каримов ұшып тұрып, Баянғалиды құшақтап: «Тошкенге келиң!» – деп, қонаққа шақырыпты.

Қызыл қамзол мен лампас

Қазақстанның қорғаныс министрi, Совет Одағының Батыры, Қазақстанның Халық қаһарманы, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов 1995 жылы жазда зайыбымен, балаларымен Бурабайда демалғанда, Степнякқа келiптi. Меймандар моншадан шығып, дастархан басына келедi. Ашық терезеден жел соғып тұрғандықтан, Сәкең қақ төрге отырмай, ықтау жағынан отырса керек. Содан әңгiме-дүкен, мәжiлiс қызған кезде, кезек Баянғалиға келiптi.

 
Қош келдiңiз елiме
Аты аңызға айналған
Қаһарман батыр, қолбасы,
Сағадаттай батырды
Төбесiнен түссе де
Жеңе алмаған фашистiң
Снаряд пен бомбасы,
Жетпiстен жасы асса да
Қылшылдаған капитан
Секiлдi түр мен тұлғасы,
Қаһарманның балдары
Әкенiң жолын жалғашы,
Айналайын ақ жеңге,
Сәкеңдi жақсы бақ, жеңге,
Оңай емес болу да
Қолбасының жолдасы,
Бiле бiлсек Сағадат
Бөгенбай мен Қабанбай
Батырлардың жалғасы,
Тұғырдан таймай сардарым,
Сарбазды сапқа тұрғызып,
Қазақтың елiн қорғашы!
 
 
Бар қазақ үлгi алады, жауға шапқан,
Бауыржан, Мәлiк, Қасым, Сағадаттан,
Сағадат жастайынан от-жалын боп,
Бата мен алғыс алған жамағаттан,
Қара нардай қаһарман ұлым бар деп,
Қазағым, ай-әлемге жырла, мақтан,
Ұланның үмiтi көп, жетпiсiнде
Жiгiттей жарқыраған азаматтан,
Сызды окопта саспаған сардар аға,
Қаштың ба Степнякта сквозняктан! –
дегенде қонақтар ду күлiптi.
 

Сәкең ақынның жырларын ықыласпен тыңдап, оның Манастың мың жылдық тойына баратынын естігесін, «Манасты» айтқызыпты.

– Қырғыздарға барғанда қандай киiм киiп барасың? – деп сұрапты.

– Қара шапан, қара шалбар, қызыл қамзол!

– Жiгiтке қызыл не керек? – дептi Сәкең.

– Аға-ау, сiздiң лампасыңыз да қызыл емес пе? – дептi ақын. Батыр күлiп жiберiп, сәт-сапар тiлеп, ағалық алғысын айтыпты…

Арада бiрнеше ай өткен соң, 1995 жылдың күзiнде Сағадат Нұрмағамбетов жұмыс бабымен Көкшетауға тағы келедi. Шортанда, демалыс үйінің дәмханасында Баянғалиды: «Алимжанова надо встречать стоя!» – деп, құшақтап қарсы алыпты. Ол кісінің қасындағы бүкіл генералдар мен офицерлер де, басшылар да тік тұрыпты. Қаһарман аға ақын iнiсiн Қырғызстанның Абдылас Малдыбаев атындағы Халықаралық сыйлығының лауреаты болуымен құттықтайды, жорықты жылдардан сыр шертеді. Кезекті ақынға беріп, әлгі әңгімелерін арқау еткен әзiл өлеңдерiн ықыласпен тыңдайды.

 
Қан майданда жүргенде
Сағадат батыр капитан
Бейбiт күндi аңсаған,
Сол күнге жетпей арманда
Құрбан боп кеттi қанша адам,
Көрсе де соны мойымай
Ротасын бастап «уралап»
Жеңiске батыр жол салған,
Кешiп өтiп Висланы
Қуып шығып фашистi
Самогон iшкен Польшадан!
Қас дұшпанды талқандап
Жойғанша көзiн қоршаған
Сағадат батыр, генерал
Қорғаныс пен әскерiн.
Тапсырып отыр ел саған!!!
 
 
Қашан да жақсы сөздi жырлағам-ды,
Бiреулер оны ұнатпай сұрланады,
Манастың тойына мен аттанарда
Сөмкемдi машинадан ұрлап алды.
Дәм жазса, жақсылықпен кездесермiз,
Сыйласып, әзiлдесiп сөйлесермiз,
Ақынды ешкiм қорғайтын түрi жоқ-ау,
Беу, Сәке, өзiмдi-өзiм қорғау үшiн,
Именной бiр пистолет бермесеңiз!!! – деген екен.
 

Сонда Сағадат батыр ағамыз: «Считай, что пистолет уже в кармане! Ендi Алматыға келсең, тек өзiме хабарлас!» – деп, Баянғалиды құшақтап, ағалық ақ тiлегiн бiлдiрген екен.

Үкімет пен аппарат

1995 жылдың жазында Көкшетауда идеология қызметкерлерiнiң аймақтық жиналысы болып, оның жұмысына Қазақстан Премьер-Министрiнiң орынбасарлары Иманғали Тасмағамбетов пен Нағашыбай Шайкенов бастаған бiр топ басшылар қатысады. Алматылық қонақтардың самолетi кешiгiп келiп, жерге қона алмай, көкте бiраз жүрiп қалып, көкшетаулықтар қонағасыны түн ортасында бередi. Бiраз отырған соң кезек қонақтардың әңгiмесiн тыңдап, үндемей отырған Баянғалиға келедi. Сонда ақын өлеңмен қонақтарды құттықтай келiп, Иманғалиға бұрылып, былай дептi:

 
Ассаламуғалейкүм, Иманғали,
Көкшеге идеолог жиған Ғали,
Аспаннан самолетi түспей қойып,
Бензиндi бұлт iшiнде құйған Ғали,
Иманғали келген соң Көкшетауға
Қарсы алды өлеңдетiп Баянғали.
 
 
Қорқып едiк, Имеке,
Бұл жиналыс Көкшеде
Болмай кетер ме екен деп,
Самолетiң бiржола
Қонбай кетер ме екен деп,
Иманды екен атың да,
Иманды болсын затың да,
Қызметiңiз құтты боп
Пайдасы тисiн халқыңа!
 

Одан кейiн Вице-Премьер әрi әдiлет министрi Нағашыбай Шәйкеновке бұрылып:

 
Ассаламуғалейкүм, Нағашыбай,
Еңбегiң сiңе берсiн алашыңа-ай,
Тұрасың экраннан закон соғып,
Қоясың шалдармен де таласып-ай,
Қайтесiң сол шалдармен көп таласып,
Жүрсеңшi алашыңмен жарасып-ай! –
 

деген екен. Содан кейiн сол жерде көрген, естiген жағдайларды әзiл өлеңге айналдырып, жырлап келiп, Жастар iсi, туризм және спорт министрi Бiрғаным Әйтiмоваға:

 
Айналайын, Бiрғаным,
Арналсын сiзге жырларым,
Спортсмен министр
Келген кезде, қарашы,
Менiң дағы рекордсмен
Болғым келiп тұрғанын,
Жастарына қазақтың
Таныта бер әлемнiң
Ойы менен қырларын,
Спорттың сансыз сырларын,
Елiңе еңбек етуден
Қажымағын, тынбағын,
Тоқталайын осымен,
Әйтпесе, менiң, байқаймын,
Бiрғанымды келiп тұр,
Күндiз-түнi жырлағым! –
 

дептi әзiлдеп. Президент аппаратының жауапты қызметкері Оралбай Әбдiкәрiмовке арнап:

 
Айтайын жақсы тiлектi,
Орекеңдей ағаға,
Қолындағы билiгiн
Жұмсасын iзгi шараға,
Пана болсын Орекең,
Мына қиын заманда
Қысылып тұрған далаға,
Жүдеген ата-анаға,
Қамқор болсын балаға,
Iзгiлiк құйсын санаға,
Айтпасақ оны бола ма?
Өкпелеп қалса аппарат
Үкiмет қалар далада! –
 

деген екен. Ақынның өнерiне риза болған басшылар қол соғып, алғыс айтыпты.

Оқжетпесте

Ғафу Қайырбеков ағамыз Бәдеш жеңгемiзбен жылда Көкшетауға келiп демалады екен. Бiр жолы сәлем бере барғанында Баянғали ақын ағасына:

 
Жырлары ұялаған ел iшiне,
Көз жетпес құлашы мен өрiсiне,
Әзiлдеп айтып кеткен әрбiр сөзi
Айналған кең даланың кенiшiне,
Сәлем бердiк Оқжетпес –  Олимптегi
Ойлы өлең, өткiр сөздiң Зевсiне!!! – деген екен.
 

Баян – сапар

1987 жылы анасы Бәтима қатты ауырып, Баянғали амалсыз Алматыдан ауылға көшетiн болыпты. Анасына қарау керек, ертең бiр жағдай болып кетсе, жалғыз қалған әкенiң халi не болмақ? Астанадан аттанарда барлық ақын, жазушы ағалары, жолдастары жылы сөздерiн айтып, қимай-қимай шығарып салыпты. Өзi қызмет iстейтiн «Жұлдыз» журналының коллективi жақсы тiлектерiн бiлдiрiп, естелiк сыйлапты. Жолдастарының атынан Серiк

Тұрғынбеков өлең жазыпты.

 
Жүректiң табар дауасын,
Табиғат деген ең шебер,
Туған жер жұпар ауасын
Жұтып бiр қайтқың келсе егер.
 
 
Жол болсын деймiз Баянжан
Жырларың жатсын жосылып,
Даусыңнан сенiң оянған
Қазақ пен қырғыз қосылып.
 
 
Қызметке адам қонақ қой,
Көңілiң көлдей, мәрт жаның,
Қырғызға кетпей, жөн-ақ қой,
Көкшеге қарай тартқаның!
 
 
Емессiң көңiл қалдырған,
Жерiңдей туған дархансың,
Сексен көл сенiң алдыңнан
Сексен қыз болып қарсы алсын.
 
 
Көкшенiң биiк құздары,
Сол құздай бiз де қайсармыз,
Сағынған кезде бiз дағы,
Көкшеге барып қайтармыз.
 
 
Тiлектес iнi, жақсы аға,
Жемiсiн жырдың терерсiң,
Сағынтқан кезде астана,
Өзің де жетiп келерсiң!
 

Ақын ағасы Ғафу Қайырбеков «Жұлдыздың» атынан, бүкiл ақын-жазушылардың, Алматының атынан арнаған өлеңiн оқып берiптi:

Баян – сапар
(Iнiм Б.Әлiмжановқа)

 
«Жұлдыздың» кенжетайы, сүйкімдісі,
Мың күнге азық болған бір күнгі ісі,
Жан-жағын дауылдатқан, дабыл қаққан
Келгенде қыранға ұқсап сілкінгісі.
 
 
Шабыттың шын перзенті, қол баласы,
Ежелгі жүйріктердің олжаласы,
Қызметке туған жерге шектің сапар
Қолдасын жолдың пірі, жол данасы.
 
 
Көзіңде жарқыраған болашағың,
Алдыңда болар шағың,толар шағың,
Қалықта аспан жердің арасында
Тұрмыста саз кешпесін толарсағың!
 
 
Рахмет «Жұлдызға» еткен еңбегіңе,
Жұлдыздай шыға бер сен ел көгіне,
Оранып мауқыңды бас бала қыран
Көк майса Көкшетаудың жөргегіне!
Даланың данышпаны, ол да ағасы,
Қазақтың ортасында мол бағасы,
Көкшеге қанат болып алып ұшсын
«Жұлдыздың» жырмен жазған жолдамасы!
 
 
Әрине, сендей жанды көз қия ма
Ұқсаған бойы биік боз қияға,
Махаббат, шапағатты қатар жинап
Қайтарсың аман-есен өз ұяңа!
 

– Ойбай-ау, Ғафеке-ау, мынадай өлең арнасаңыз, біз де ауылға көшіп кетер едік! – деп жіберіпті бір қаламдастар әзіл-шыны аралас.

Сонда Баянғалиды қолтықтап кетіп бара жатқан Ғафекең:

– Айналып кетейін Баяшка, сен менің балам сияқтысың ғой, мен сені Бақытымнан кем көрмеймін ғой! Өлең деген жүректен туады, әйтпесе, әне біреулер көшіп жатса, мұндай өлең қайда-а! – деген екен!

Кейiн Ғафекең бұл өлеңін «Шұбалаң» атты кiтабына енгiзiптi.

Бауырлар

2007 жылы Көкшетауда, Бурабайда қазақ-қырғыз парламенттері бас қосады. Қазақстан Мәжілісінің төрағасы Орал Мұхамеджанов бастаған он үш депутат пен Қырғызстан Жоғарғы Кеңесінің төрағасы Марат Сұлтанов бастаған он үш қырғыз депутатының кездесуіне сол кездегі Ақмола облысының әкімі Мәжит Есенбаев Баянғалиды арнайы шақырып, сөз сөйлеп беруін өтінеді. Сонда ақын:

 
Қырғызды бала күннен білетінбіз,
Бірге ойнап, Көкшетауда, күлетінбіз,
Мемлекет екендігін білмейтінбіз
Қазақтың руы ғой деп жүретінбіз!
 
 
Қырғыздар Омбы барды, Үркіт асты,
Неліктен Ыстықкөлден үркіп қашты?
Сібірдің сақылдаған аязында
Сауда ғып, сықырлатып күртік басты,
Жырларын ер Манастың ұғар ма екен,
Вагонда өскен балдар үрпек басты,
Жағдайын жақсартпай ма сол халықтың
Тоқтатып басшыларың тақ таласты,
Жоқ әлде Енисейден іздеп жүр ме,
Қырғыздың атын жазған түркі тасты?!
 
 
Ежелден қырғыз аты тасқа түскен
Оқыдық Орхондағы ескерткіштен,
Одан да он ғасырдай бұрынырақ
Арғын, Керей, Үйсіндер хатқа түскен!
 
 
Тастардан қырғыз атын таптырдыңыз
Шаттанып, көкке қалпақ лақтырдыңыз,
Қазақтың аты жоқ деп ол тастарда
Келеді ағамын деп мат қылғыңыз,
Қырғыздың атын қашап тасқа жазған
Біз қазақ сол тастардың авторымыз!
 
 
Айналайын қырғызым,
Өзіме тартқан түрің бар,
Ерке бала сияқты
Тәп-тәтті болған тілің бар,