Айна көлдің суы күміс,
Жұбай аққу көркі еді,
Көрсе көзің алар тыныс,
Екі сəулем ерке еді.
Көлдің басы ертелі-кеш,
Мың құбылған əн еді.
Екі ғашық ертегідей,
Көлдің көркі – сəні еді.
Жүргенімде елге келіп,
Ешкімді ертпей қасыма,
Кетуші едім көлге келіп,
Біраз жатып басында.
Көз жіберіп айна көлге,
Жағасында жатушы ем;
Төсімді ашып жібек желге,
Рахатына батушы ем.
Келуші едім анда-санда
Саясатсыз тұрмысқа;
Біраз тыныштық беріп жанға,
Демалуға – тынысқа.
Бір күн ерте айна көлдің.
Күйін тыңдап, жағалап;
Бір ғажабын жəне көрдім,
Қарап жатып жағада.
Кең айнадан өзін көріп,
Құстар билеп, ойнайды:
Су түбінен маржан теріп,
Сүңгіп терең бойлайды.
Көлді қорып, байғұс қызғыш
Қыңқылдайды жағалап:
Қанатымен жерді сызғыш,
Төңкеріліп сабалап.