Читать бесплатно книгу «Қазақша ашылып сайрау» Серик Асылбекович полностью онлайн — MyBook
image
cover

Синопсис

Белгілі қазақ жазушысы, драматургы Серік Асылбекұлының пьесалары Қазақ және Қырғыз академиялық драма театрларының сахналарында 1990 жылдан бастап табыспен қойылып келеді.

Оның сіздердің назарларыңызға ұсынылып отырған «Қазақша ашылып сайрау» деп аталатын бұл пьесасы Қазақстанның астанасы Астана қаласында 2017 жылы өткен «Рух» атты Халықаралық әдеби конкурсында «Үздік драматургиялық шығарма» номинациясы бойынша бас жүлдеге (Гран-при) ие болған.

Аталған шығармада жергілікті бюрократиямен куресте өзінің бұрынғы ауылдас таныстары мен жора-жолдастарының арасынан өзіне жақтас ешкімді таба алмай күйзеліске түскен қарапайым фермердің басындағы жалғыздық кәдімгі өмірден алынған шынайы коллизиялар арқылы нанымды бейнеленеді.

Енді осындай әлеуметтік психологиялық тығырыққа тірелген кейіпкер «Осы өмірдің мәні неде сонда?

Не үшін тіршілік етіп жүрміз? Бірін-бірі реті келсе алдау мен арбауға дайын тұратын шындықтың ауыр жолымен жүргеннен гөрі өтіріктің өрге бастырған оңай жолмен жүргенді жөн көретін саяси-әлеуметтік жүйеде өмір сүрудің, бақытқа ұмтылудың, шынайы махаббатқа іңкәр болудың қажеті бар ма өзі?» деген секілді сонау Адам ата мен Хауа анадан бері адамзаттың соңынан бір қалмай келе жатқан мәңгілік сауалдарға жауап іздеп, алас ұрады.

Иә, ол сұрақтарға әркімнің беретін өз жауабы бар, тіпті соған берер дайын жауабымыз болмағанының өзінде саналы индивид болып жаратылған соң бұл сауалдардан түптің түбінде ешқайсымыздың да қашып құтыла алмасымыз анық.

Ендеше осы бір мәселелер төңірегінде «Қазақша ашылып сайрау» пьесасының бас кеіпкері Көмекбаймен бірге біз де толғанып көрелік, қадірлі оқырман мен көрермен.

Қазақша ашылып сайрау

(Екі актілі, алты көріністі комедия)

Негізгі кейіпкерлер:

Көмекбай – шаруа, жасы 44-45-терде

Рысты – Көмекбайдың әйелі, жасы 42-43-терде

Зибаш – дүкенші келіншек, 35-тер шамасында

Ермек – Көмекбайдың көршісі, 45-46-лар шамасында

Әлайдар – Көмекбайдың мектепте бірге оқыған сыныптасы

Жанайдар – Әлайдардың төртінші сыныпта оқитын ұлы

Учаскелік полиция инспекторы – жасы 32-33-терде

Бірінші акт

№ 1 көрініс

Түс қайтқан мезгіл. Жұмыстан оралған Көмекбай адымдай басып, өзінің ауыл шетіндегі арзан қам кірпіштен салынған, ескілеу, шатырын күн едәуір жеп тастаған шиферлармен жабылған үйіне келіп кіреді. Дәліздің табалдырығынан аттай бергенде ол есік алдында тұрған шоқ самаурынның кернейіне сүрініп кетіп, құлап қала жаздайды. Керней Көмекбайдың екпінімен қаңғыр етіп, есік пен төрдей жерге домалап түседі. Дәліздің бүгіндікке жиналмағаны көрініп тұр: екі-үш үлкенді-кішілі пластмасса леген, су тасуға арналған сырты кірқожалақ темір фляға, осы үйдегі жандардың сыртқа киетін аяқкиімдері еденде қалай болса, солай шашылып жатыр. Бұл көрініс онсыз да іші алай-түлей болып, сіркесі су көтермей келе жатқан Көмекбайдың одан сайын жынын қоздырады.

Көмекбай. Мыналарды неге жинамаған-әй?! Әрдайымғылары осы, жау тигендей жайрайды да жатады бұл үйдің іші.Ырысты-Ырысты! Ырысты деймін!..

Көмекбай аяқкиімдерін дәлізге қалдырып, үйдің ішіне енеді. Төргі бөлмеден бет-жүзі сәл-пәл ісіңкі тартып, басындағы гүлді жібек орамалы желкесіне қарай әнтек қисайып кеткен Көмекбайдың Құдай қосқан қосағы Ырыстының басы қылтияды.

Рысты. Не боп қалды?

Көмекбай. Қайда жүрсің?

Рысты. Қайда жүргені несі? Осы үйде де. Жаңа ғана қисая қойып ем, кішкене көзімнің шырымын алайын деп…

Көмекбай. Сенің-ақ әйтеуір ұйқың қанбайды. Дүниені топан су қаптап келе жатса да саған бәрібір, пырылдап ұйықтай бересің. Күн кеш болған жоқ па, тамақты қашан асасың, шайды қашан қоясың? Бері кел, сөйлесетін әңгіме бар.

Рысты. Айта берсеңші…

Көмекбай. Бері кел дедім ғой мен саған!..

Рысты. Ойбай, Құдай-ай, келіп тұрмыз ғой енді!..

Көмекбай. Көшеміз! Бүгіннен бастап жинал. Осы «Кеңтүпті» бар ғой… Желкемнің шұқыры көрсін енді!..

Рысты. Не деп тұр осы?! Мына қыстың көзі қырауда ма?..

Көмекбай. Қайдағы қыстың көзі қырауда, қайдағы қыстың көзі қырауда, а-а?! Осы сенің-ақ қысыңның көзі қыраулайды да тұрады екен! Бүгін бар болған қарашаның екісі!..

Рысты. Қарашаның екісі болса, көзді ашып жұмғанша күні ертең-ақ желтоқсаның келмей ме ысқырып. Енді қыс болмағанда несі қалды сонда?

Көмекбай дәл осы кезде қабырғадағы киімілгішке курткасын іліп жатып, әйеліне ерекше бір «мағыналы көздермен» тағы бір оқшырая қадалып өтеді.

Көмекбай. Осы әдетіңді қашан қояр екенсің сен?! Мен бірдеңе айтсам әйтеуір есебін тауып «әбизателні» қарсы шығудан өзге білерің жоқ. Осы үйдің еркегі кім өзі – мен бе, сен бе?

Рысты. Ойбай, сен ғой, сен! Аяқ астынан не боп қалды? Енді түсіндіріп айтсаңшы былай…

Пауза. Көмекбай сәл-пәл ентігін басып, төрдегі құрақ көрпенің үстіне барып, малдасын құрып, шоқиып отырады.

Көмекбай. Ашытпа көже бар ма?

Рысты шоландағы сырлы шелектен бір сапар кесе ашытпаны әкеп, күйеуіне ұсынады. Кесені ұсынып жатып Көмекбайдың бет-жүзін көзінің астымен тағы бір мұқият бажайлай шолып шығады.

Рысты. Ал сонымен?

Көмекбай. Сонымен болса әлгі Ниетәлі «сболышпен» біржолата ат құйрығын кесісіп келіп отырмын. Әнеукүнгі мен коорперативке өткізген 2 машина картоп пен 6 тонна асқабаққа, 3 машина қауын-қарбызға – бәріне 120 мың теңге беріп қарап тұр беті былш етпей!.. «Бары осы-ақ па, әлде…» десем, «Бары – осы, қалғаны транспорт шығынына, «перекупшиктерге», әлгі алыпсатарларға, салыққа, пәлен-пәштуанға кетті» дейді. Енді айтшы, өзің – кісіні тірідей тонау емей не осы?! Кеттім боқтап-боқтап! Құрысын бүйткен кооперативі де, серіктестігі де. Шығам бәрінен. Жалпы, бұл ауылдан қарамызды батырмасақ, бір күні аштан өлеміз. Кету керек. Түсіндің бе?

Рысты. Жоғарыдағы бастықтарға, әлгі кім еді… Әкімдерге шағымданам, арызданам демедің бе?

Көмекбай. Айтпады деймісің!.. «Қайда барсаң, онда бар, олардан зорларына бар!» дейді. Қарға қарғаның көзін шұқымайтынын білмейді деймісің о қу. Бәрін біліп отыр. Қысқасы, осымен сөз бітті – көшеміз!

Рысты. (Ернін сылп еткізіп). Қайда шырағым-ау?! Жиделібайсынға ма?

Көмекбай. Бас ауған жаққа!.. Бала-шағаға нан табатын бір кәсіп іздеп кету керек. Айтып тұрған жоқпын ба мен саған қазақтың жалпақ тілімен соқырға таяқ ұстатқандай түсінікті етіп, әйтпесе, бұл түрімізбен бір күні аштан өлеміз.

Рысты. Ол жақта бізге біреу жұмысын дайындап, тосып отыр ма екен сонда?

Көмекбай. Әй, осы сен үнемі маған неге осылайша қарсы шығасың, а-а?! Осы үйдің еркегі сен бе, жоқ, әлде мен бе?! Айтшы!..

Рысты. Жоғ-ау, енді өзің емес пе… Қыстың көзі қырауда жылы орнымызды суытып, шиеттей бес баланы шұбыртып қайда қаңғырмақпыз? О жаққа барғанда бізге дайын тұрған үй-жай, қора-қопсы, отын, тамақ-су қайда?.. Ниетәлімен келіспесең, шықсаң шық сол серіктестігінен. Жеке шаруа, әлгі не ет… иә, фермер бол қайтадан.

Көмекбай. Жеке шаруа, фермер боп та көрген жоқ па едік кезінде. Күнімізді көре алмаған соң кірмеп пе едік әлгі Ниетәлі иттің құрған серіктестігіне. Қайда барсаң да көретін күнің сол – тірідей тонау!.. Кетеміз ана «Майлыбасқа». Теміржолға жұмысқа кірем. Стансасының бастығы неміс көрінеді. Сол неміске барып паналамасақ, мына түйені түгімен жұтатын қазақтар бір күні мына бізді де жұтып қояды. Қазақтан сен ешқашан әділет таба алмайсың, білдің бе?!

Рысты. Теміржолда жұмыс бар ма екен? Өткенде Әлайдар: «Шойынжолда да қысқарту жүріп жатыр екен, біраз кісі жұмыссыз қалыпты» деп отыр еді ғой.

Көмекбай. (Арыны басылған жуастау үнмен міңгірлеп). Енді былай бірдеңе қылармыз…

Рысты. Қой, шырағым!.. Көшсең, өзің көше бер. Мен мына жылы орнымнан ешқайда қозғалмаймын. Ұшпаққа шығатын болсақ, «Екпіндіден» көшіп келдік қой осы «Кеңтүпке» осыдан жеті жыл бұрын. Сонда да «Ойбай, «Кеңтүпке» барамыз, туып-өскен жер, ағайынның ортасы, шаруашылықтары да дүркіреп тұр» деп, желпілдеп едің. Сонда да «Екпіндінің» бастықтарымен ұстасқансың осылай. Осы сен жайыңа қарап жүре алмайсың ба басқа жұрт секілді тып-тыныш.

Көмекбай. Мен олармен әдейі еріккеннен ұстасып жүр ме екем? Солардың өздері емес пе кісіге күн көрсетпей жүрген. Айтшы өзің, жүз жиырма мың теңге деген не мына қымбатшылық заманда. Сені мен менің екі айлық шайлығымыз. Ал жылдың қалған он айында немен күн көреміз?!

Рысты. Онда солармен, бастықтарыңмен, арпалыс та жүр осылай! Сөз бітті, точка, нүкте!.. Мен жылы орнымнан ешқайда қозғалмаймын. Көшу оңай дей ме екен? Жайына қарап жүрмей, үнемі осы істейтіні – басын бір дау-дамайға тығады да жүреді. Жүр ғой осы ауылдың сенен басқа адамдары әп-әдемі болып тып-тыныш.

Көмекбай. Сонда мына тап көз алдыңда жасалып жатқан әділетсіздіктерге, алаяқтықтарға, жемқорлыққа көзімізді жұмып жүре беруіміз керек пе бәріміздің? Адамшылық қайда, имандылық қайда? Әлде олардың бізге көк тиынға керегі жоқ па? Бүйте берсек, бұл ауыл бір күні сен айтқандай, әп-әдемі болып ішінен шіріп өледі. «Ауруын жасырған өледі» дегенді естуің бар шығар. Білдей онжылдықты бітірген сауатты адамсың ғой.

Рысты. Өлсе, өмірем қапсын. Сенің не шаруаң бар-ей онда? Айтшы!.. Ақыр аяғында енді жұрттың дұрыстап «спокойно» өлуіне де мұрша бермессің сен. Сен бе, сенен бәрі шығады! Қыршаңқы!..

Көмекбай. Мейлі, не десең, о де. Мен бәрібір шындықты айтпай тұра алмаймын. Өйткені мен айтпасам, солармен бірге мына біз де өлеміз іштей іріп-шіріп. Бүткіл қоғам іріп-шіріп, сасып кетеді.

Рысты. (Тұлданып). Сасыса, сасысын! Көппен көрген ұлы той.

Көмекбай. Бұл – құлдардың психологиясы. Ал құлдар мен құл иеленушілердің қоғамы әлдеқашан тарихтың бір қойнауында қалып қойған. Тіпті одан кейінгі феодализм дәуірінің де қарасы батқалы қашан. Ал, сені мен біз қай ғасырда өмір сүреміз, айтшы? XXI ғасырда! Дүние жүзіне демократия мен плюреализм кең қанат жайған гуманистік ғасырда!

Рысты. Әй, қойшы, сен осы «демократия-семократия» деп осы үйге апта сайын буат-буат болып келетін де жататын ана газет-журналдардан жаттап алған қияли сөздеріңмен адамның басын қатырмай! Осы газет-журналдар деген де бәле болып жабысты осы үйге! Ана Астана мен Алматыдағы еріккен журналистер қайдағыны қайдан тауып алып жазады да жатады. Шаршамайды екен өздері. Тамақтары тоқ, көйлектері көк болған соң, ерігеді ғой деймін. Тыныш жатқан елді дүрліктіріп!…

Рысты бірте-бірте өз позицияларынан айрыла бастағандықтан, үн-түнсіз қалған Көмекбайға төне түседі.

Рысты. Үсті-басы май сасыған мына тракторшыға – cаған – не керек, а, газет-журнал? Газет-журналды ана екі астанадағы – Оңтүстік пен Солтүстік астаналардағы – кім еді әлгі, жазушылар мен журналистер, академиктер мен сакадемиктер, ғалымдар оқысын! Олар сол үшін ақша алады үкіметтен. Ал саған не жоқ, ә?! Саған сол үшін ана жазушылар мен академиктерге төлегендей ақша төлеп жатыр ма біреулер?!

Айтқышын өзінің! «Пұлымберизм», «пұлымберизм» деп аузы жып-жып етеді ғой кісінің жынын келтіріп. О немеңнің мағынасы немене өзі? «Пұлымды бер», яғни, «ақшамды бер» деген сөз бе?

Көмекбай. Иә, сенің ойың тек сол ақша ғой. Ол қандай жолмен келіп жатыр – адал жолмен бе, арам жолмен бе – оған ешқашан басыңды қатырмайсың. Ал плюрализмге келетін болсақ, пікір алуандығы деген сөз ол. Былайша айтқанда, бастық Ниетәлінің айтқан сөзіне қара шаруа Көмекбай да, Рысты да өзінің қарсы уәжін айтуға хұқылы деген сөз. Әне, сонда ғана әлгіндей пікір алуандығынан қоғамда, мемлекетте шындық, әділет салтанат құрады.

Рысты. Атаңның басы! О заман да, бұ заман дүниеде қашан, қай қоғамда шындық пен әділет орнап, қой үстіне бозторғай жұмыртқалай қалып еді осы, а-а?! Сен оқыған тарихты мен де оқығам мектепте. Әне, оныншы класты бітірді деген аттестатым жатыр ана көк сандықтың ішінде ешбір кәдеге жарамай. Сенің кесіріңнен!..

«Қарындас, қарындас!..» деп ізімнен қалмай қойған соң, мен байғұс жыланға арбалған торғайдай сенің ізіңе еріп жүре беріппін ғой ештеңенің байыбына бармастан. Әйтпесе, тым жақсы бір жігіттер болған сөз де салған, көз де салған. Әйел деген қыз кезінде ақымақ болады екен ғой.

Көмекбай. Солай ма?!

Рысты. Иә, дәп солай!..

Көмекбай. Кімдер олар саған әрі сөзін, әрі көзін салып жүрген?

Рысты. Оны не қыласың?

Көмекбай. Білейік те біз де. Қанша айтқанмен сенімен жиырма жыл бірге тұрып жатырмыз ғой.

Рысты. Қойш әрі, кісінің басын қатырмай!

Көмекбай. Айпақшы, сенің жаңағы «атаңның басы» дегенің не сөз? Енді мені қойып, аталарыма ауыз салайын дедің бе? Олардың қандай жазығы бар?

Рысты. «Прямой» жазығы бар.

Көмекбай. Ал…

Рысты. Ал болса, дұрыстап тыңда, ал дейді ғой маған! Егер олар ештеңені бүлдірмей, жайларына қарап жүргенде бар ғой, тап сен секілді газет оқығыш, телевизор көргіш қияли, мәжігүн біреу келмейтін еді мына күнәһар өмірге. Сонда менің де, мына үйдегі шиеттей бес баланың да милары қатпас еді бүгінгідей.

Көмекбай. Айтатыныңды айтып болдың ба?

Рысты. Айтып болсам не қылайын деп едің?

Көмекбай. Ендеше маған 700-800 теңге бере тұр.

Рысты. Оны не қылмақшысың?

Көмекбай. Ішім алай-түлей болып барады бүгінгі мына Ниетәлі екеуіңнің маған жасаған қорлықтарыңнан кейін. Дүкенге барып, бір бөтелкі алып, шер тарқату керек. Біреумен.

Рысты. Көк тиын жоқ менде. Осы үйге сенің ақша әкелмегеніңе неше ай болды? Міне, бақандай үш ай балалардың жәрдемақысымен ілдәлап отырмыз. Шертарқату дейді ғой маған!.. Сенің-ақ шерің тарқап болмайды екен осы! Сылтаумен ана дүкенші қатын Зибашпен кездесуге асығып бара жатсың ғой өліп!.. Мен егер үстеріңнен түссем бар ғой бір күні, екеуіңнің де шаштарыңды жұлып қолдарыңа берем! Көр де тұр жұртты көзінше масқараларыңды шығарам! Сосын халықтың бетіне қалай ұялмай қарар екенсіңдер?! Тек қор болғанда үстеріңнен түсе алмай жүрмін ғой мысым құрып.

Көмекбай. Түһ, сен қайдағыны айтып кеттің өзі?! Жұрттың өсегіне еріп қарадай бүлініп. Өллә-біллә, Зибаш екеуміздің арамызда ондай ештеңе болып көрген емес сенсең.

Рысты. Сенбеймін мен саған. Сенсең дейді ғой маған ещё періште секілденіп. Әнеукүні мен «Қызылқайраттағы» Жарықбас қайнағаның құдалығына кеткенде үйге қонбапсың? Қайда жүрдің сонда? Өй, түрің құрсын сенің, түрің, жабайы мысыққа ұқсаған!.. Көздерін қараш жабайы мысықтың көзіндей ежірейіп кеткен.

Көмекбай. Оны саған кім айтты?

Рысты. Кім айтты дейді бұл ещё ұялмай, ә?! Кім болса, сол айтты! Сенен басқа жұрттың көзі жоқ дейсің бе? Бар, бар ғашығыңа, шеріңді тарқат. Ақ балтырына басыңды қойып, жыла көзіңнің сорасын ағызып. Бүлдіргі!..

Көмекбай. Әй, мен шерімді қатындарға ақтармаймын, білдің бе?!

Рысты. Бар, бар, кімге ақтарсаң да. Тек түн ішінде мас болып келіп, мазамды алма. Ана балаларыңның алды жігіт, қыз болып қалды. Тым болмаса енді солардан ұялсаңшы.

Көмекбай енді Құдай қосқан қосағының соңғы айтқан сөздеріне не уәж қайтарарын білмей орнына атып тұрып, төрдің алдында сәл-пәл состиып тұрып қалады да, сонан соң бәріне қолын бір сілтеп, киілгіштегі курткасын алып, есікті сыртынан тарс жауып, шоланда жатқан бәтеңкесін сірісінен баса-маса аяғына сұға салған күйі ауыл орталығындағы азық-түлік дүкеніне қарай бет алады.

№ 2 көрініс

Көмекбай азық-түлік дүкеніне келіп кіреді. Прилавканың ар жағындағы ақ борықтай әдемі келіншек Зибаш оны ескі танысындай жылы қарсы алады. Зибаштың үстіндегі шатырдай ақ халат пен басындағы аппақ қардай телпек оны одан сайын ажарландырып тұр.

Көмекбай. (Прилавкаға жақындай беріп, солғындау үнмен). Сәлем…

Зибаш. (Көздері жылыұшырай күлімдеп). Сәлем-сәлем!.. Немене, ауырып қалғаннан саумысың? «Настроениең» нәскиіңе түсіп кетіпті ғой.

Көмекбай. Жо-жоқ… Жай. Кішкене басым ауырыңқырап.

Зибаш. Әлде кеше біреулермен ішіп қойып па едің?

Көмекбай. Жоқ, қайдағы…

Зибаш. (Көмекбайға жақындай түсіп, сүйріктей аппақ саусақтарымен оның бетін аялай сипап). Сақалың да өсіп кетіпті. Тікенек-тікенек… Қырынып жүрсеңші! А то біртүрлі шал секілді болып барасың.

Көмекбай. (Ептеп көңілденіп, дүкен витринасының ар жағындағы қабырғада ілулі тұрған үлкен шарайнаға қарап). Қырынамыз ғой. Шынында да, шал секілді болып барам ба?

Зибаш. Ойнап айтам. Сен жігіттің сұлтанысың ғой, Элвис Преслиге ұқсайсың. Әйтпесе Зибаштың анау-мынау еркекке көз салмайтыны белгілі емес пе.

Көмекбай. Дегенмен мен енді он-он бес жылдан кейін шынымен шал болам ғой, со кезде қарамай қойып жүрмеймісің?

Зибаш.

Бесплатно

4.53 
(19 оценок)

Читать книгу: «Қазақша ашылып сайрау»

Установите приложение, чтобы читать эту книгу бесплатно

На этой странице вы можете прочитать онлайн книгу «Қазақша ашылып сайрау», автора Серик Асылбекович. Данная книга имеет возрастное ограничение 18+, относится к жанру «Пьесы и драматургия». Произведение затрагивает такие темы, как «пьесы», «казахская литература». Книга «Қазақша ашылып сайрау» была написана в 2020 и издана в 2020 году. Приятного чтения!