Читать книгу «Деген екен» онлайн полностью📖 — Баянғали Әлімжанов — MyBook.
cover

Баянғали Әлімжанов
Деген екен

Аяғыңды тоса қоймадың ба?

Баянғалидың әкесi Тақан ақсақал – ұлы Отан соғысының екiншi топтағы мүгедегi, соғыстың басынан аяғына дейiн қатысып, Берлинге дейiн барып қайтқан. Екi рет ауыр, бір рет жеңіл жараланған. Бір жолы танк снарядының жарықшағы шекеден тиіп, әрең аман қалған екен.

1996 жылдың жазында соғыс мүгедектерiне жеңiл автомобиль берiлетiндiгiн естiп, ауырып жатқан ақсақал Баянғалиға: «Менi комиссияға апар,» – дептi. Аудан мен облыстағылар әрлi-берлi қарап, ақынға: «Анда барып өйтiп жiберсеңiз, мында барып бүйтiп жiберсеңiз, бiреу-мiреулер көмектесiп жiберсе, атай машина алуы мүмкiн,» – деп ақыл берiптi. Сонда ақын: «Менiң әкем қанын блатпен төккен жоқ, машинаны да блатпен алмайды! «– деп, дёрiгердiң әдiл шешiмiне жүгiнiптi. Дәрiгерлер дұрыстап қарап: «Әкеңiздiң сырқаты бiр емес, бес кiсiге жетерлiк екен, он машиналық еңбегi бар екен!

Мұндай ардагерлер қазiр өте аз қалды ғой, бәрiне де машина берсе артық емес,» – деп жылы сөзбен шығарып салыпты. Сөйтсе, заң бойынша, аяғынан ауыр жараланған кiсiге машина берiледi екен де, Тахаңның жарақаттары ол заңға жатпайды екен. Ақсақалды үйiне әкеле жатып, Баянғали: «Ал, ендi мазаны алмай тыныш жат үйде. Осының бәрін әуелде ойламаған өзіңнен көр! Оққа басыңды тосқанша, аяғыңды тоса қоймадың ба!? «– деген екен.

Қара шалдар

Мұхтар Әуезовтың 100 жылдығына арналған айтыста (Алматы, 1997ж.) шымкенттік Әселхан Қалыбекова Баянғалиға әкесі Тақан ақсақалдың қазасына көңіл айтады. Сонда сөз кезегі келгенде, Баянғали былай жырлаған екен:

 
Менің әкем Тақанның
Ерлігі көп айтатын,
Жауған оқтың астында
Жау тылынан «тіл» іздеп,
Түнде талмай жортатын,
Тоғыз танкі талқандап,
Таң атқанда қайтатын,
Бейбітшілік заманда
Бір телешке шөп сұрап,
Қолтықтап ап шалдарды
Канторға қарай тартатын,
Барлығын жеңген батырың
Қайран анам Бәтима
Марқұмнан жаман қорқатын!
 
 
Менің әкем Тақан шал
Фашистке ойран салыпты,
Берлинге дейін барыпты,
Қиратушы еді оны да
Қырық шақырым қалғанда
Соғыс бітіп қалыпты,
Гитлер менен Геббельс:
«Тақан келсе болмайт, деп,
Жағдай енді оңбайт!» – деп,
Атылып өліп қалыпты!
Менің әкем секілді
Қара шалдар жасасын
Халық қылған халықты!!!
 
 
Шалдар жайы мәселе саналмай жүр,
Әлі де үкіметте қаралмай жүр,
Бір кезде Берлинді алған хас батырлар
Банкіден пенсиясын ала алмай жүр!
 
 
Кемпір менен шалдарды
Осыншама жүдетіп,
Сорлатуға болмайды,
Кемпір менен шалдарды
Тарықтырып тұрмыста,
Зарлатқандар оңбайды!
 

Содан Әселхан сөзді бір кезекте бүгінгі ел байлығын тонап алған ұры-қарыларға бұрып, «сырттай қарасаң бәрі әп-әдемі, галстук тағып, тап-таза, сып-сыпайы боп жүреді, ал өз құлқындарын ойлағанда керемет! «– деп ашына жырлайды. Сонда сөзді іліп әкеткен Баянғали былай депті:

 
Ұрының ең жаманы сыпайысы,
Болмайды ондайлардың құдайысы,
Ұрының қолын шауып тастайтұғын
Бәрінен жақсы екен ғой Қытай ісі.
 
 
Билікке аз ғана күн кетсе жолап,
Алады ел байлығын түгел тонап,
Қытайдың заңын егер бізге енгізсе,
Болар ед бастықтардың көбі шолақ!
 

Елбасымен кездесу

1994 жылдың жазында Қазақстан президентi Нұрсұлтан Назарбаев Көкшетауға келгенде облыс басшылары Баянғалидан Қарасуға барып, өлең айтып беруiн өтiнедi. Келесi күнi қой бағудың кезегi келiп тұр екен, оны әкесiне тапсырып, ақын Бурабайға барады. Президенттiң қайықпен жүзгенiн көрген адамдар: «Мықты адам екен, соңынан жүзген екi адамға жеткiзбедi,» – дейдi. Бiраз уақыттан соң дастархан басында кезек ақынға келедi:

 
Алла деп мен кiрейiн өлеңiме,
Ризамын бүгiн сiздi көргенiме,
Өскемен, Семей жағын орағытып
Көгiлдiр Көкшетауға келгенiңе,
Заманның тозаңынан тазардың ба,
Бiр сүңгiп Қарасудың тереңiне!
 
 
Құдайым аулақ қылсын қайғы-мұңнан
Елiмiз айрылмасын байлығынан,
Алып өт аман-есен қазағымның
Кемесiн заманыңның айдынынан!
 
 
Көмекшiң Иманғали қара бала
Ұқсасын ой мен iсi даналарға,
Нұрекең саясында жүргеннен соң,
Бәйтерек болад шығар жеке дара,
Президент суда жүзiп жүрген кезде
Ұйқыдан тұрып жатқан жаңа-жаңа!
 
 
Ақылмен жүрер жолды нұсқап жүрген
Халықты жақсылыққа бастап жүрген,
Рахмет Нұрсұлтандай ағамызға
Амалдап орыс-қытай арасында
Абылай саясатын ұстап жүрген!
 
 
Беу, Нұраға берi қара,
Дүрсiнгендi горбиттiң
Ерсiнгендi ербиттiң,
Қазағыңды көркейттiң,
Қумадың жолын егестiң,
Қумадың жолын өңештiң,
Ақылдың жолын ұстадың,
Алшаң басып Ақ үйде
Клинтонмен де кеңестiң,
Жапонның көрдiң патшасын,
Ағылшын, испан басқасын,
Әлемдегi патшаның
Бәрiмен бүгiн теңестiң!
 
 
Ақынмын алдыңызда әнге басқан,
Атынан туған елдiң шашу шашқан,
Көп сәлем әкеп тұрмын ауылдағы
Қаракөз, қандас бауыр қарындастан,
Асығып тұра шаптым сiз келдi деп
ҚойдыҢ да кезегiне қарамастан,
Жағдайын жақсартсаңыз ауылдардың
Жалғанда хан болмайды сiзден асқан!
 

Нұрекең рахмет айтып, демалуға кеткен соң, көмекшiсi Иманғали Тасмағамбетов қасында отырған тұлғалы кiсi – Амангелді Шабдарбаевтың президенттi қорғау бөлiмiнiң бастығы екенін, Колбиннiң тұсында Қонаевқа қарсы арыз жазбағаны үшiн қуғын көргенiн айтады. Оның ерлiгiне риза болған ақын:

 
Қайтпаған КГБ-ның наганынан,
Сол үшiн айырылған погонынан,
Тар жерде Димекеңдi сатпай қалған,
Айналдым Амангелдi табаныңнан!
 
 
Басыңнан Амангелдi бақ кетпесiн,
Ақының сөздi қалай нақты етпесiн,
Мәз болып өлең тыңдап отырғанда
Бiр сұлу президенттi ап кетпесiн! – деген екен.
 

Содан елге келсе, аудан активi президент ауданға келiп қалар ма екен деп күтiп отыр екен. Ақынның әңгiмесiн тыңдап, мән-жайға қаныққаннан кейiн, аудан әкiмi Кеңес Мұқатов: «Бiзге де бiрдеңе айтсаңшы,» – дейдi. Сонда Баянғали:

 
Айтайын әкiмдерiң құлақ қойса,
Жиналып отыр екен жағып монша,
Президентке өлең айтып келгеннен соң,
Әкiмге айтқым келмейдi менiң онша! – деген екен.
 

Елбасымен әзіл

1995 жылдың тамызында Нұрсұлтан Назарбаев Еңбекшiлдер ауданына келедi. Ол кісіні қарсы алуға дайындалып жатқанда аудан әкімі, түбі кеңащылық Кеңес Шәмшіұлы Мұқатов Баянғалидан: «Президентке не айтасың?» – деп сұрапты. Сонда ақын:

 
Сіз келеді дегелі,
Біздің елге көп болды,
Күте-күте өзіңді
Елдің көзі төрт болды,
Сізге сойған жылқыны
Әкімдер өзі жеп болды! – десем қайтеді! – деген екен.
 

«Ойбай, бізді жұмыстан шығарасың, айта көрме!» – депті әкім.

Нұрекең келген соң, Ғабдiсәләм қажы атындағы жаңа мешiтке кiрiп, кiлем сыйлайды, Бiржан салдың басына барып, құран оқытады. Степнякты аралап, аудан жұртшылығымен кездеседi. Кездесу барысында зайыбы Сара Алпысқызының Степняк маңында туғанын айтады. Жұртшылықтың сұрақтарына жауап берiп, Меке мен Мәдинаға барғанын, пайғамбарымыз Мұхаммед ғәләиссәләмнiң қабiрiне тәуәп қылғанын әңгiмелейдi. Ақсақалдардың Еңбекшiлдер ауданына Бiржан сал атын беру жөнiндегi тiлегiн құптайды.

Кездесуден кейiн, дастархан басында Баянғалиға өлең айтқызады. Әуелi Елбасы ақыннан Қырғызстанға қалай барып келгенiн сұрап, содан кейiн: «Елiнде отырмыз ғой, Бiржан атаңның бiр өлеңiн айтшы», – дептi. Баянғали «Темiртасты» айтып берiптi. «Осындай адамды да керегеге байлаған-ау бiздiң қазақ!» – дептi Елбасы мұңайып. Бұдан кейiн Баянғали президенттiң келгенiне арнап бiраз өлең айтыпты:

 
Ел-жұртың қарсы алып тұр Нұрекелеп,
Келгенiң жатыр үлкен мереке боп,
Нұреке, қадамыңыз құтты болып,
Дарысын бiздiң елге береке боп!
 
 
Келген жерiң, Нұреке,
Абылай орда еткен жер,
Қазақтың соңғы көсемi
Кенесары, Наурызбай
Күңiренiп өткен жер!
Аспандағы аққуға
Бiржанның әнi жеткен жер!
Ұрпақтары солардың
Белiн бекем буған жер,
Атаның жолын қуған жер,
Жаңа өзіңiз айтқандай
Апамыз Сара туған жер!
 
 
Шүкiршiлiк, аллаға
Жақсы-жақсы менiң де
Жезделерiм көп едi,
Бiрақ-тағы iшiнде
Президентi жоқ едi!
 
 
Апамыздың қадiрiн
Патша жездем ұққан ғой,
Бар әлемнiң бөбегiн
Бауырына басатын
Жақсы-жақсы қасиет
Сара апамның бойына
Бiржан жатқан киелi
Топырақтан жұққан ғой!
 

Бұдан кейiн президент бiрге отырған ел адамдарымен әңгiмелесiп, олардың сұрақтарына жауап бередi. Әңгiме барысында кейбiр басшылардың араққа үйiрлiгi жөнiнде де сөз болыпты. Бiр кезде аудан әкiмi Кеңес Мұқатов пен аппарат жетекшiсi, Баянғалидың жиені Еркетай Жомартов мипалау әкелiп, меймандарды сыйлапты. Сол кезде Баянғали домбырасын алып:

 
Әкімнiң мипалауы әзiр болды,
Бiр талай о да бiзге әзiл болды,
Қосылып Елбасымен мипалау жеп
Сәнiмiз, ағайындар, қазiр келдi,
Басқаның президентi iше берсiн
Бiздiкi, шүкiршiлiк, қажы болды! – дептi.
 

Сонда Нұрекең: «Мына жерде арақ құйғызбады деп отырсың ғой,» – дептi күлiп. Бiрге отырған Болат Бекенов, Тасболат Алпысов сынды ақсақалдар, ауыл шаруашылығы министрi Жәнiбек Кәрiбжанов, облыс әкiмi Қызыр Жұмабаев, КНБ, милиция генералдары Мәжит Жандiлдинов, Амангелдi Жармағанбетов және басқалары да: «Ендi не айтар екен?» – дегендей ақынға қарап қалыпты.

 
Болғанмен кемшiлiгi зор басымның,
Әрдайым жақсылардың жолдасымын,
Арақ пен темекiнi қатар қойған
Мен де, аға, Көкшетаудың молдасымын! – дептi ақын.
 

«Бұрын өкiрткенсiң ғой!» – дептi күлiп Нұрекең. Сонда ақын:

 
Арақтан бұрын ептеп алатынбыз,
Қиялмен әр нәрсеге баратынбыз,
Ол кезде генералға қол жетпейтiн
Қолында сержанттардың болатынбыз,
Далада жатып қалған жерiмiз жоқ,
Күнара КПЗ-ға қонатынбыз! – деп әзiлдеген екен.
 

«Милициямен онша емес екенсiң ғой», – дептi Нұрекең күліп. Сонда Баянғали:

 
Арақты мен онша көп iшпейтiнмiн,
Ал iшсем талай қызық iстейтiнмiн,
Өкпем жоқ милицияға, жаяу жүрмей,
Үстiнен ППМ-нiң түспейтiнмiн,
Айбатты арыстандай ақырмаса,
Аруағын аталардың шақырмаса,
Жiгiттi жiгiт деу де қиын, кейде
 

Сәтi түссе, түрмеге де отырмаса! – дегенде, Нұрекең күлiп жiберiп, ақынның өнерiне риза болып, алғыс айтып, ағалық ақ тiлегiн бiлдiрiптi.

Бурабайда

1995 жылдың күзiнде Нұрсұлтан Назарбаев Көкшетауға аз уақытқа демалуға келгенде, Баянғали Бурабайға барып, Елбасының алдында өлең айтыпты. Президент әуелi ақынға Бiржан салдың «Темiртасын» айтқызып, содан кейiн: «Мына ағаң– Премьер-Министр Әкежан Қажыгелдин, Көкшетауға тұңғыш келiп отыр, мына ағаң – КНБ-ның бастығы, генерал-лейтанант Сәт Тоқпақбаев. Бұл кiсiлерге қош келдiң деп, бiрдеңе айтпайсың ба?!» – дептi. Сонда ақын былай деген екен:

 
Құдайым кез қылсын деп жақсы кезде,
Сөйлейiн бұрылмастан басқа сөзге
Айтамын қош келдiң деп ағаларға
Қош келдiң, Көкшетауға патша жезде!
 
 
Орындайын бұлжытпай,
Президенттiң жарлығын,
Премьер-министр көрсетсiн
Елiмiзге нарлығын,
Ақыл, қайрат, жiгермен,
Ағалар, жеңiп шығыңдар,
Заманның мына тарлығын!
Қажыгелдин Әкежан
Премьерлердiң iшiнде
Жаңадан шыққан жас перi,
Алысқанын жығатын
Дзюдоның мастерi,
Сол күшiңдi халықтың
Қажетiне жұмсай бер,
Нұрекеңнiң ләшкерi!
Премьер аға, өзiңе,
Пенсиямызды берсiн деп
Сәлем айтты шалдар да,
Папамыздың айлығын,
Жылдамырақ берсiн деп,
Сәлем айтты балдар да!
 
 
Әрдайым әсем әнге сап жүрейiн,
Дау-шардан аулағырақ ақ жүрейiн,
КНБ бастығымен ойнаймын деп
Мен осы бiр бәлеге қап жүрмейiн!
 
 
Айналайын, Сәт аға,
Ақындармен алыспай,
Атаның жолын жалғай бер,
Тәй-тәй басқан қазақтың
Мемлекетiн қажымай
Жауларынан қорғай бер!
 
 
Қарсы алды өздерiңдi Көкше жерi,
Оқжетпес, Бурабай мен сексен көлi,
Аман бол, ел басқарған ағаларым,
Жақсылыққа бастар деп, өздерiңе
Үмiтпен қарап отыр қазақ елi! – деген екен.
 

На этой странице вы можете прочитать онлайн книгу «Деген екен», автора Баянғали Әлімжанов. Данная книга имеет возрастное ограничение 16+, относится к жанру «Cтихи и поэзия». Произведение затрагивает такие темы, как «современная поэзия», «казахская литература». Книга «Деген екен» была написана в 2016 и издана в 2016 году. Приятного чтения!