Читать книгу «Дариға қыз» онлайн полностью📖 — Баянғали Әлімжанов — MyBook.
cover

Баянғали Әлімжанов
Дариға қыз

Қатысушылар:

Дариға – 17-де.

Қасым – 17-де.

Әже – 70-те.

Қаптал – Дариғаның ағасы, полиция сержанты, 25-те.

Бірінші акт

Бірінші көрініс

Жаз. Айлы түн. Өзен жағасы. Қос ғашық Қасым мен Дариға оңаша кездесіп тұр. Ай сәулесі жастардың алаулаған жүзінде ойнайды.

Қасым:

(Дариғаға үздіге тіл қатып:)

 
Өзіңмен қалсам кезігіп,
Ғажайып бір күй туатын,
Екеуміз ғана сезініп
Екеуміз ғана ұғатын!
 
 
Айтуым керек болса да,
Сөз табу қиын мұндайда,
Айым-ау мені қинамай
Айтқызбай білсең болмай ма?
 

Дариға:

(Толқығанын сездірмеуге тырысып, сабырлы тебіреніспен:)

 
Үлгілі жырың болмаса
Үндемей қалған көп жақсы,
Айқайлап жатқан әлемде,
Айтылмай қалған сөз жақсы!
 

Қасым:

 
Алаулап нұрың жүзіңде
Ботадай көзің мөлдіреп,
Жарқ ете қалған кезіңде
Кетеді жаным елжіреп!
 
 
Наздана күлсең сыңғырлай
Жадырар жаным жаңарып,
Жаңбырдан соңғы қырлардай
Дүние кетер тазарып!
 

Дариға:

 
Өмірдің әні махаббат
Өртіне қалай шыдарсың,
Жабырқап жүр ме жас жаның
Жаңбырға неге құмарсың!?
 

Қасым:

 
Жауынға тоссам кеудемді
Құйылғандай көктен нұр,
Жаныңа шипа болғандай
Тамшысы қандай мөп-мөлдір!
 

Дариға:

 
Аппақ тамшы,
Кіршігі жоқ,
Қай сәуледен жаралдың?
 
 
Тозып кеткен
Тіршілікке
Мөлдірлік боп таралдың,
 
 
Кейде, жаным,
Ұшып кеткің
Келмей ме осы ғарышқа,
 
 
Содан кейін
Аппақ нұр боп
Жерге қайта оралғың?!
 

Қасым:

 
Күннен шуақ аламыз, жерден қуат,
Тасқа қына бітеді, көлге құрақ.
Жаратылып жан біткен жақсылықтан
Жан сарайын ашады мөлдір бұлақ…
 

Дариға: (іліп әкетіп:)…Жамандық у жаяды неге бірақ? (Сәл бөгеліп, айнала жүріп:)

 
Өзенді бойлап өлкені кезгім келеді,
Мекен ғып біраз қауырсын қанат кемені,
Ақша бұлттарға орана кетіп кей-кейде
Мұхитқа барып мұңымды шаққым келеді!
 

Қасым:

 
Сүйгенінен үміт күткен күн – түнде,
Ғашық болған түсінеді кім кім де,
Бұл өмірде махаббатын тапқан жан
Өзге жұртты жек көруі мүмкін бе!?
 
 
Шолпандай боп туған аппақ таңдарда,
Қандай ғажап мынау әлем сен барда,
Бақыт деген немене деп ойлаушы ем
Бақыт деген сен екенсің жалғанда!
 

Дариға:

 
Мәңгі бірге жалын болып жанамыз,
Бақыт атты бай әлемге барамыз,
Жер мен көктің арасында айналған
Дүниеде тек екеуміз ғанамыз!
Тек екеуміз ғанамыз!
 

Қасым:

 
Айдай балқып айдынға кеп қонатын,
Аққудай боп келші жайған қанатын,
Пәктігіне бұл пәнидің қызығып
Кірпік қақпай қарасыншы қара түн!
 

Ай нұрына бөленген екі аққудай бір-біріне ақырын-ақырын жақындай береді…

Екінші көрініс

Әжесі мен Қасым өз үйлерінде отыр.

Әже: (айран құйғалы жүріп, немересін мейірлене иіскеп қояды:) Өй, құлыным-ау сол! Әжесінің баласы! Әжесінің баласы! (Айран құйып беріп:) Әжесінің баласы-ау, соңғы кезде ылғи түн ортасы ауа келетін боп жүрсің…Бүгін тіпті кешігіп келдің ғой… Түнімен көз ілгем жоқ…сені уайымдап…

Қасым: Ә-ә, кітапханада отырып қалып…

Әже: (қуақыланып:) Сондай қызық кітап па екен?

Қасым: Иә, тіпті уақыттың қалай өткенін байқамай қалыппын…

Әже: Кітапхана түнімен жұмыс істейтін болған ба қазір?

Қасым: Ә-ә…не… иә…жоқ! Кітапханадан шыққан соң жатақханаға барып, жолдастармен бірге тағы оқыдым…

Әже: О-о, кітапқұмар құлыным сол! Айтпақшы, бұл қызық кітабың не туралы екен?

Қасым: Енді… әр нәрсе туралы ғой…

Әже: Дұрыс-ақ! Ақыл-ой, білім-ғылым кітапта! Ал, бірақ, түнгі сағат он бірден кейін жатақханадан бөгде адамдарды үйлеріне қарай аттандырып жіберетін тәртіп бар ма емес пе еді?

Қасым: Ә-ә, иә…жатақханадан кейін өзен жағалап, серуендеп жүрдім біраз…

Әже: Өй, ақылыңнан айналып қана кетейін сол, әжесінің баласы! Сарылып сабақ оқи бергенше, бір мезгіл бой сергітіп алғаның қандай жақсы! Бірақ, серуендегеннің жөні осы екен деп, жалғыз өзің жын қаққан адам құсап, жағада арлы-берлі, арлы берлі таң атқанша сенделіп жүре бердің бе?

Қасым: Ә-ә, иә, жоқ…енді, жалғыз өзім жүре бергем жоқ…ә-ә,иә, жағалауда ойға шомып отырдым!

Әже: Сонда, таңға дейін жападан жалғыз жар басында ойға батып, айға қарап отырдың ба, құлыным?

Қасым: Иә, енді қиялдап… ай- жұлдызбен сырласып…

Әже: Ай-жұлдызға қарап, жападан-жалғыз шоқиып отыра беретін ит-құс болып кеттің бе, ботам?!

Қасым: Судың сылдыры да тамаша екен!

Әже: О, несін айтасың! Сонда, судан бір сұлу шолп етіп шыға келер ме екен деп телміріп отырған шығарсың, ә, шолпан туғанша?

Қасым: Ой, әже… Хе-хе-хе! (қысыла күліп, айранын іше береді.)

Әже: (Босаған кесені қайтып ала беріп:) Оның аты кім?

Қасым: Дариға!

Әже: Дариға! О, Дариға! Аты әйбат екен!

Қасым: Ой, әже…мен байқамай айтып қойдым – ау! Түу-у, сен тура кы-гы-былар сияқтысың…

Әже: Е-е, құлыным-ау сол, кемпірлердің быды-быдысының жанында кы-гы-бы деген не, тәйірі! Бұл әлгі сенен кітап аламын деп сылтауратып кеп жүрген бадырақ қыз ба?

Қасым: Бадырақ емес, бота көз ғой!

Әже: Иә, иә, ботадай, ботадай…Келе – келе түйедей болып кетер…Ал, енді оны маған қашан әкеп бересің?

Қасым: Бүгін!

Әже: Әбеу, көтек!

Қасым: Жарайды онда, ертең яки арғы күні…қашан әкел десеңіз, сонда алып келейін!

Әже: Әй, тоқта, тоқта, сабыр ет! Саған тіпті бәрі оп-оңай боп кетті ғой! Бір апта тоса тұр, тым болмаса. Пенсиямды алып, оны-мұны әкеп қояйын. Дұрыстап қарсы алайық… әйтпесе әлгі бадырағың…жоқ, ойбай, ботагөзің танысамын деп келіп, талып қап жүрмесін…бір жарымаған жалмауыз… қурап отырған…қаусаған кемпір екен деп!

Қасым: Әже, әй, әжетайым менің! Қыздан бұрын өзің талып қалма! Келінді алдын ала әкеліп таныстыратын мен орыс емеспін ғой! Мен оны біржола алып келемін!

Әже: Ә-ә! Не дейсің, әй!

Қасым: Келін әкеп беремін деймін!

Әже: Келіні несі, әй? Былай…кішкене…бірер жыл дос болып жүре тұрмайсың ба?

Қасым: Жүре тұруға болмай қалды! Бірер жыл күтіп тұратын емес!

Әже: Е-е, онда бірер жыл күте алмайтын, күтпейтін қызды алып не керек…жалынышты адам құсап…

Қасым: Әже, қалай түсіне қоймайсың? Қыз күтуін күтеді ғой! Сенің тентек шөберең күтетін емес деймін!

Әже: Астапыралла! Не дейсің? Шөбере дейсің бе? О, құдая, тәуба! Ол қайда енді?

Қасым: Қайдасы несі? Келе жатыр аяңдап…жыл аяғына дейін жетіп те қалар жаныңа…

Әже: (Әрі қуанып,әрі қорқып, әрең-әрең.) О, алла! Рас естідің бе, құлағым!? Өшкенім жанып, өлгенім тірілді ме шынымен! Ерте кеткен қос мұңлығым қайтып келер ме еді бүгін, көрер ме еді бұл қуанышты! (Күрсініп, ерте қайтқан баласы мен келінін еске алып, көзін сүртеді. Серпіліп:) Әлі ертерек емес пе, әжесінің баласы?! Он жетіге де толған жоқсың!

Қасым: (Жорта бұртиып:) Болмайды! Үйленбесем болмайды, әжетай! Егер осы қызды қазір алып бермесең, мүлде үйленбей қоямын!

Әже: Өй, құлыным-ау сол, ала ғой, енді, ала бер!

Қасым: (Еркелеп, құшақтап:) Әжетайым менің! Әжетайым!

Әже: Құлыным менің, әжесінің баласы, күнім менің!

Қасым: (Шығуға ыңғайланып:) Мен барып Дариғаны қуантып келейін…әжем рұқсат берді деп…\ Шыға береді.\

Әже: Байқап жүрші, қалада маза жоқ. Дүрбелең көбейіп тұр! Құдай сақтасын!\ Қасым жүре тыңдап, шығып кетеді. Әже оңаша қалып, күрсінеді:\ О, алла, бергеніңе шүкір! Дариға, Дариға! (күрсініп:) Дариға сол қыз!

 
Күркіреп күндей
Өтті ғой соғыс…
Қайда екен, қайда,
Дариға сол қыз!
 

На этой странице вы можете прочитать онлайн книгу «Дариға қыз», автора Баянғали Әлімжанов. Данная книга имеет возрастное ограничение 16+, относится к жанру «Cтихи и поэзия». Произведение затрагивает такие темы, как «казахский язык», «трагедии». Книга «Дариға қыз» была написана в 2014 и издана в 2014 году. Приятного чтения!