Бұл кітапты маған тілеулес
болған әр адамға арнаймын:
отбасыма, достарыма, әріптестеріме,
таныс, әрі бейтаныс
жандарға.
Сіздер маған күш-қуат бердіңіздер!
Рақмет!
Кітапқа арқау болған көптеген кейіпкердің
аты-жөні өзгертілген.
Халықаралық Астана әуежайы. 2009-жыл, 4-қазан, таңғы сағат: 05-00.
Шекаралық паспорт бақылауы.
Қызымды ертіп, бос терезеге жақындадым. Терезе алдына екі паспорт пен екі билетті қойдым. Форма киген жас шекарашы қыз компьютерге үңіліп отыр. Сосын ішкі телефонмен әлдекімге қоңырау шалды. Бірнеше минуттан соң жанымызға басқа бір шекарашы әйел келді. Оның жасы да үлкен, шені де жоғарылау көрінді.
– Өте бер, – деді ол менің қызыма. Қызым шекаралық сызықтан аттап өтті. Қызымның артынан бара жатыр ем, әлгі әйел мені тоқтатты:
– Сіз осы шетте тұра тұрыңыз.
– Не боп қалды? – деп сұрадым.
Маған:
– Күтіңіз, – деді.
– Қызымды қайтарыңызшы!
– Ол паспорттық бақылауды өтті, – деді шені жоғарылауы маған, шамасы әуежайдың кезекші офицері болса керек.
– Бірақ, ол менсіз ұша алмайды ғой! – деп мен қарсы шықтым.
Жауап жоқ. Үндемеді.
Мен мазасыздана бастадым:
– Өтінем сізден, басшыңызға қоңырау шалыңыз.
Жауабы:
– Біз не істеу қажеттігін жақсы білеміз.
Қызым қарап тұр, не боп жатқанын түсінбейді. Қызым ол кезде небәрі 14 жаста. Біраздан соң оны маған қайтарды. Енді екеуміз күтіп тұрмыз. Шекара сызығынан екі метр жерде. Уақыт өтіп жатыр. Рейске отырғызылу басталды.
Терезеден телміріп:
– Отырғызылу басталды. Кешігетін болдық, – дедім.
– Бұл – Мәскеуге ұшатын рейс, – деді терезенің арғы жағындағы қызметкер.
Біздікі келесі рейс – қазан айындағы соңғы чартер. Түркияға. Оқу жылының басында. Қызымның шабаданында негізгі пәндер бойынша сатып алған оқулықтары: математика, физика, химия, ағылшын тілі.
Қызым туғалы бері жазда бір аптаға теңізге, не көлге баруды әдетке айналдырғанбыз. Келесі жылға күш-қуат жинап қайтатынбыз. Демалыс үнемі 10 күнге созылатын. Басқаша болуы мүмкін емес еді. Астананың 40º аязынан кейін жазғы демалыс көптен күткен мерекедей болушы еді. Алайда, осы жылы емес екен. Көктемді орталай бере жұмыстан кілтипан шығып, жағдай күн өткен сайын ушыға берді. Дәл қазір осындай жағдайда шетелге демалысқа шығуым – жоғарыдан келген пәрмен еді.
Бірнеше күн бұрын Қаржы полициясына шақыртты. Елден еркін шыға алатынымды анықтап айтты. Күн суытып кетті дегеніме Тергеу департаментінің директоры күлді.
– Алыстағы ыстық елдер бар ғой!..
Қазір бізді босатпаса не болмақ?
1-бөлім. Мемлекеттік қызмет
Мен аяқ астынан Қазақстан Президентінің пәрменімен елден кетпес бұрын он жыл мемлекеттік қызметте істедім.
Мен осыншама ұлан-ғайыр жері бар, дүниежүзі бойынша тоғызыншы орын алатын, асты-үсті қазба байлыққа толы, небары 16 миллион (2009-жылғы дерек бойынша) халқы бар Қазақстанды дәулетті етуге әбден болады дегенге бек сенімді едім.
Мен Мәскеу мемлекеттік университетінде оқып, 1998-жылы Экономика факультетінде кандидаттық диссертациямды қорғадым. Мәскеуде қалғым келген. Бірақ, әкем мені, әсіресе немересін жылына бір-ақ рет көретіндігін алға тартып, елге алдыртты: «Сен елге өте қажетті білім алдың, енді соны Қазақстанды дамытуға арнағаның абзал», – деді.
Мені ешкім сүйреген жоқ. Ешкім қолдаған жоқ. 1999-жылдан бастап 2009-жылға дейін Стратегиялық жоспарлау агенттігі, Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі, Экономикалық зерттеулер институты, Президент әкімшілігі, Статистика агенттігі сияқты бірқатар мекемеде қызмет еттім. Ел-жұрт сыртымнан «өсетін адам» дейтін. Алайда, мен өсу үшін қызмет еткем жоқ. Мен үшін ең бастысы – адам мен процесс тиімділігі, жұмыс нәтижесі маңызды еді.
1999-жылы мемлекеттік қызметке орнығып, үш күннен кейін басшыларға мұнда жұмыс істей алмайтындығымды айттым. Жиналыс көп, іш пыстырарлық тірлік… Бастығым күлді де: «Үйреніп кетесің», – деді. Мен сол күйі үйренісе алмадым. Тағайындалған барлық жерімде жұмыс мазмұны мен стилін өзгертуге күш-жігерімді салдым.
Стратегиялық жоспарлау агенттігі
Стратегиялық жоспарлау агенттігінде (СЖА) халықтың ұзақмерзімді стратегиялық дамуы жоспарланатын. Алдымен «Қазақстан-2030», сосын «Қазақстан-2015» жоспарын жасадық. Президентке арналған сараптама жасалатын. Жұмыс бастан асады. Түнімен еңбек ету – қалыпты дүниеге айналды. Егер адам идеяға шын сенсе, ол тәулік бойы жұмыс істеуге дайын.
Ең алғашқы түнгі жұмысым 1999-жылы наурызда басталған еді. Кешкі жетіде кабинетке Төрағаның орынбасары келіп: «Бүгін таңға дейін жұмыс істейміз. Теңгенің девальвациясын санаймыз», – деп сыбырлап кетті.
Бір жылдан бері «Стратегия-2015»-ті жүзеге асырып жатқанбыз. Бір жылдан кейін – Электронды Үкімет бағдарламасына көштік.
СЖА жұмысы былай жүйеленетін: ақпаратты саралау, кеңес беруге қабілеті бар түрлі саланың мамандарын жинау, Қазақстанның экономикасы мен әлеуметтік саласын талдау, дамыған елдердің тәжірибесін сараптау, Президентке арнап сараптамалық хаттар жазу, ұзақмерзімді құжаттар мен стратегияларды жоспарлау. 1999, 2001, 2003-жылдары ұсынылған жоспардың көбі он жылдан соң жүзеге аса бастады, алайда біршама ұсыныс сол қағаз күйінде қап кетті.
Мысалы, 2001-жылы біз шаруа бір қап картопты алыстағы ауылдан қала базарына жеткізе алмайды деп жаздық. Ірі шаруа қожалықтарын құру керек дегенбіз. Ауылшаруашылық өнімдерін сақтау мен өңдеу саласын дамыту қажеттілігін айттық. Елдің жартысынан көбі ауылда өмір сүретінін, оларға да жұмыс қажет екеніне баса назар аударттым. Елдің өзгеше эксклюзивті таза өнім ұсынатын қауқары барын да көрсеттім: қазы (жылқының етінен жасалатын өнім), қымыз (бие сүтінен жасалады), шұбат (түйенің сүтінен жасалады), құрт (қатықтан жасалатын, ұзақ сақтауға лайықталған өнім), жент, қоспа (консервант қосылмай, ұзақ сақтауға лайықталған дәнді дақылдардан әзірленетін өнімдер). Осының бәрін қаптап, жарнамалап, шетелге экспортқа эксклюзив өнім етіп шығарсақ, экологиялық таза өнімге әрдайым сатып алушы табылады дегенді айттым. Егер Қазақстанның оңтүстігіне мемлекет қолдау көрсетсе, нитратсыз жеміс-жидек пен көкөніс өсіріп, бүкіл өңірлерді қамтамасыз ете алатынын ескерттім.
2000-жылы қысқамерзімді «Қазақстан-2010» стратегиясын жазу тапсырылды. Мен ол кезде салалық даму бөлімінің басшысы едім. Департамент директорына ғаламтордағы ақпарат пен статистикалық цифрларға сүйене отырып салалық даму стратегиясын жазуға болмайтынын айттым. Одан гөрі әр саланың мықты мамандарының тізімін жасап, әрбірімен жеке сұқбаттасу қажет екенін тілге тиек еттім. Департамент директоры – өзі кәсіби энергетик еді, әдеттегідей жылдам жауап берді: «Бәрін таста. Төрағаға қызметтік хат жаз», – деді.
Дәл осындай экономика секторын мықты білетін тәжірибелі мамандар мемлекеттік саясатқа өз үлесін қосады. Осындай жандармен ұжымдас болу мемлекеттік қызметте қалуыма көп әсер етті. Әбден шаршап, көңілім қалған кезде: «Нағыз кәсіби-реформаторлар қатары көбейген кезде елдегі жағдай өздігінен өзгереді», – деген сөздерді естуші ем.
Нағыз кәсіби мамандар былай таңдалды. Өз саласын бес саусағындай білетін жанашыр мамандарды танысам, соларға өзім хабарласып, сұқбатқа шақыра бастадым. Немесе сондай маманды білетін адамға хабарласатынмын. Сосын кездесуге барып, сол саланың ахуалын, проблемасын, қалай дамытуға болатынын сұрайтынмын.
Бірде сондай бір кездесуге егде кісі келді. Бұған дейін ол кісіні танымайтынмын. Бірнеше минут сөйлескеннен кейін үлкен кісі бетіме қарап: «Қызым-ау, саған мұның бәрі не керек? Сен отбасыңмен айналыссаңшы», – деді. Бірақ, менің табандылығымды көріп, өз саласы туралы әңгімелеп берді.
2001-жылы жаңадан тағайындалған, үшінші СЖА төрағасымен электронды үкімет моделін жасадық. Мен сонда да елдің дамуы үшін ең маңыздысы – салаларға керек инвестиция екеніне басымдық бердім. Кәсіби практиктермен жасалған сараптамаларды қайта тапқызып, қайта қарастырдық. Сол сараптамаларды графиктерге айналдырдық. Электронды үкіметтің Президентке жасайтын демонстрациясына қолдандық. Демонстрация кезінде менің блогымды көрсетпей тастады. Бірақ, оған бола алаңдамадым. Ең бастысы – жүзеге асыру деп ойладым.
Алайда қайтадан реорганизация басталып кетті.
Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі
Біздің елде мемлекеттік органдардың реформасы үздіксіз жүріп жатады. Мемлекеттік органдар жасақталады, сосын таратыла бастайды. 2001-жылдың күзінде кезекті реформа болды. Стратегиялық жоспарлау агенттігін жойды. Ел үшін жеткілікті стратегия жасалды деп есептесе керек.
Экономикалық жоспарлау мен бюджеттік жоспарлауды біріктірді. Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігін құрды. Екі министрліктің қызметін бір ізге түсіру үшін бір жыл уақыт кетті.
Экономикалық жоспарлау қызметі мен мемлекеттік қаржыландыру қызметтерін біріктіруге тырысты. Бюджеттік жоспарлауды үш жылдық жылжымалы графикке көшірді. Бір жағынан экономикалық жоспар мен бюджетті бір министрлікте есептеген логикалық тұрғыда дұрыс сияқты. Бірақ, онда салалық министрліктерді қайтпек – Өндіріс, Энергетика, Ауылшаруашылық, Еңбек министрліктері не болмақ?
Мен Министрлікте Өңірлік саясат пен бюджетаралық қатынастар департаменті директорының орынбасары болдым. Сол жылдағы басты міндеттің бірі – Азия даму банкімен әлеуметтік салаға қатысты келісімге дайындық жасау еді. Біздің департаментте осы келісімді дайындау жұмысына менімен бірге өте білімді, елгезек жас қыз атсалысты, ол да баяғы мен секілді мемлекеттік қызметті ішпыстырарлық жұмыс деп ойлайтын. Бір жылдан кейін ол өз жұмысы туралы: «Жұмыста тек сол бір Келісім ғана қызықты болған еді», – деді.
Экономикалық зерттеулер институты
Министрлікте бір жыл істедім. Сосын мені Алматыдағы Экономикалық зерттеулер институтына ауыстырды. Кеңес заманында бұл Мемжоспарлау институты болған. Қазақ КСРО-ның басты экономикалық институты еді.
Мен Алматыға келгенде институт орналасқан сұр ғимарат жарым-жартылай бос тұрды. Институт Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің сараптамалық тапсырыстарын орындайтын (баяғы замандағы Мемжоспарлаудың тапсырыстарын жүзеге асырғандай).
На этой странице вы можете прочитать онлайн книгу «Өмір – сынақ», автора Анара Мешимбаевы. Данная книга имеет возрастное ограничение 18+, относится к жанру «Биографии и мемуары». Произведение затрагивает такие темы, как «биографии политиков», «автобиографические повести». Книга «Өмір – сынақ» была написана в 2022 и издана в 2022 году. Приятного чтения!
О проекте
О подписке